Қазақстандық компания 80 мың тоннадан астам құс етін өндіруді көздейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Aitas АҚ вице-президентінің міндетін атқарушы Рабиға Тоқсейітова Қазақстанда мал шаруашылығының артықшылықтары туралы айтты.  

Aitas компаниялар тобы бүгінде бройлерлік құс етін өндіретін отандық жетекші өндірушілердің бірі болып отыр. Компания құрамына екі құс фабрикасы бар: Өскемен құс фабрикасы жылына 29 мың тонна құс етін өндіреді, Ақмола облысындағы Макинск құс фарикасы 25 мың тонна құс етін өндіреді. 

«Былтыр қараша айында Макинск құс фарикасының бірінші кезегін іске қостық. Өндіріс орны тұрақты режимде жұмыс істейді. 900 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмысшылардың орташа еңбекақысы – 199 мың теңге. Мемлекеттік бюджетке салық түрінде алты айда 550 млн теңге түсті, жыл соңына дейін 1 млрд астам теңгеге түспек. Биыл Макинск құс фабрикасының екінші кезектегі құрылысын бастап кеттік. 2020 жылдың соңында пайдалануға беріледі», - деді вице-президенттің міндетін атқарушы.


Тоқсейітованың сөзінше, 2021 жылы екі фабрика 80 мың тоннадан астам құс етін өндіруді жоспарлап отыр. Осы арқылы халықтың сұранысын толығымен жабу және импортқа деген тәуелділікті төмендетуді көздейді. 

«Осыған байланысты бүгінде АҚШ, Бразилия, Қытай, Еуропа елдері ет өндірісінің негізгі ойыншылары болып отыр. АҚШ өндірудің ең жоғарғы шегіне жету салдарынан өндіріс көлемін бірте-бірте төмендетіп, ал Бразилия, Еуропа елдері, Қытай құс тұмауы мен шошқа обасы бойынша қолайсыз эпизоотиялық жағдайға байланысты мал басын қысқартуға мәжбүр. Осы жағдайларға байланысты еліміз азық базасы, кең жайылым аумағы бойынша айтарлықтай артықшылықтарға ие бола отырып, еттің негізгі түрлерінің үлкен көлемін өндіріп, оны басқа елдерге жеткізуі тиіс», - деді спикер.

Ол осыған қол жеткізу үшін сапалы мемлекеттік бағдарлама мен мемлекет қолдауы қажет екенін айтты.
 
«Бүгінде бизнеске қолдау көрсететін бірқатар бюджеттік бағдарламалар бар, бірақ мұны бизнесмен не кәсіпкердің бәрі бірдей пайдалана бермейді. Компаниямыз инвестициялық субсидиялаудың жаңа ережелерінің қабылдануын күтеді. Осы ережелер аясында инвестициялық субсидияларды алып, қаржыны екінші кезектегі құрылысқа саламыз. Бағдарламада ұзақ мерзімге алуға болатын ставкасы 2-3% арзан кредиттер қарастырылуы тиіс. Бұл инвесторларды мал шаруашылығына тартуға, бизнесмендерге осы саладағы кәсібін дамытуға мүмкіндік береді», - деді Aitas АҚ вице-президентінің міндетін атқарушы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы