Қазақстандық фермерлер сақтандыру төлемін алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Егіс алқаптарын құрғақшылықтан сақтандырған шаруашылықтарға 491 миллион теңгенің сақтандыру төлемі берілді.

Бұл туралы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл іске қосылған жаңа сақтандыру жүйесі үйден шықпай-ақ сақтандыру шартын жасасуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, өсімдік шаруашылығымен айналысатын фермерлер мемлекеттік субсидияның көмегі арқылы сақтандыру шығындарының жартысын өтеп алды.

Айта кетейік, биыл жыл басынан бері агроөнеркәсіп кешенінде ерікті сақтандыру жүйесі жұмыс істей бастады. Бұл жүйенің операторы – «ҚазАгро» ҰБХ-нің еншілес компаниясы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры.

Сақтандыру шартын жасасудан бастап сақтандыру жағдайын тіркеуге дейінгі процесс www.qoldau.kz платформасындағы «Agroinsurance» ақпараттық сервисінде жүзеге асырылады.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ынталандыру, тәуекелдерді азайту және салаға инвесторлар тарту үшін сақтандыру сыйақыларын субсидиялайтын мемлекеттік қолдау қарастырылған. Шарт жасасқан соң фермер сақтандыру сыйақысы сомасының тек 50%-ын төлейді, қалған бөлігі мемлекеттік қолдау есебінен төленеді, - делінген хабарламада. 
Топырақтағы ылғал деңгейі спутниктің көмегімен анықталып, мониторинг автоматты түрде жүргізіледі. Сақтандыру жағдайы туралы хабарлама фермердің платформадағы жеке кабинетіне келеді. Содан кейін ол сақтандыру төлеміне өтініш жібереді.
Биыл маусым айында 60 шаруашылық егіс алқаптарын құрғақшылықтан сақтандырды. Сақтандыру сыйақысы 199 млн теңгені құрады. Оның жартысы мемлекеттік субсидияның көмегімен төленді. Нәтижесінде 47 шаруашылық жалпы сомасы 491 млн теңге болатын сақтандыру төлеміне қол жеткізді, - дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ cақтандыру департаментінің директоры Әсел Рамазанова.

Осы жүйенің игілігін көргендердің бірі – егіншілікпен айналысатын қожалықтың басшысы Қанат Әлмұхамедов. Ол бидай, арпа, жүгері, күнбағыс өсіреді. Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында егістік алқаптары бар. Фермер ерікті сақтандыру жүйесі өте ыңғайлы екенін айтады.

Биыл 8 315 гектар жерімізді сақтандырдық. 22,5 миллион теңге төледік. Оның жартысын мемлекет субсидиялады. Біздің аймақтарда 60 күнге дейін жауын-шашын болмады. Нәтижесінде, ақпараттық жүйе арқылы өтініш беріп, 86,5 миллион теңге көлемінде өтемақы алдық. Ерікті сақтандыру жүйесі өте ыңғайлы. Барлық операция онлайн форматта өтеді, - дейді шаруа қожалығының басшысы Қанат Әлмұхамедов.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы