Қазақстанды қант өнімімен қамтамасыз етеміз – Сапарбаев
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы Жамбыл облысында өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар 486 млрд теңге көлемінде өнім шығарған. Өңірде 507 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың бүгінгі халық алдындағы есеп беру жиынында мәлім болды.
Жергілікті биліктің сөзінше, былтыр Жамбыл облысындағы жұмыссыздық көрсеткіші 4,8 %-ды құрапты. Инфляция көлемі 105,3 пайызға жеткен. Бұл орайда аймақ әкімі: "Біз бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуіміз керек", деп атап өтті.
Басқосуда айтылғандай, алдағы уақытта өңірдегі өндіріс көлемін былтырғы жылмен салыстырғанда 5 %-ға көтеру жоспарланып отыр екен. Жалпы өндірілетін өнім көлемі 500 млрд теңгені құрауы керек. Сонымен қатар 12 кәсіпорын модернизациялаудан өтіп, 4 кәсіпорынға соңғы заманауи технология енгізілмек. Кем дегенде 16 тұрақты жұмыс орнын ашу жұмыстары басталып кеткен.
2025 жылға дейін аймақта 66 жоба жүзеге асырылатын болады. Биыл кем дегенде 7 жоба іске қосылып, 2000-ға тарта азамат жұмыспен қамтылады. Жамбыл облыстық кәсіпкерлік палатасымен біріп, отандық тауарлардың үлесін 35 %-ға жеткіземіз. Оған барлық мүмкіндіктеріміз бар. Қазір тиісті мекемелер осы бағыттағы шаруалармен айналысуда, - деді Бердібек Сапарбаев.
Оның айтуынша, агроөнеркәсіп саласына өңірдің локомотиві ретінде жоғары көңіл бөлінеді. Ауыл шаруашылығына мемлекет қазынасынан бөлінетін қаржы 8 млрд теңге шамасында болуы керек. Жер ресурстарын тиімді пайдалану да назардан тыс қалмайды. Биылғы жоспарға сәйкес, егістік жердің аумағы 705 мың гектарға жеткізіледі.
Ең алдымен Қазақстанның түкпір-түкпірін қант өнімімен қамтамасыз етуге тиіспіз. Одан артылғанын экспортқа жөнелтеміз. Басқа аймақтардан келетін азық-түлік тауарларын мейлінше азайту қажет. Осы жексенбі күні Тараз қаласындағы ең үлкен "Ауыл береке" базарын араладым. Онда пияздан басқа Жамбыл топырағында өсірілген өнім жоқ. Бәрі сырттан әкелінеді екен. Павлодардан картоп аламыз, сонда жағдайымыздың не болғаны?, - деген облыс әкімі азық-түлік өндірісі ішкі нарықты толық қамтамасыз етуі керектігін баса айтты.
Бердібек Сапарбаев құрылыс материалдарын өндіруге қатысты мәселені де атап өтті.
Өз жерімізде өндірілетін құрылыс материалдарын барынша пайдалану керек. Осы арқылы ғана нарықтағы бағаны төмендете аламыз, - деді ол.