Қазақстанда үздік ауыл әкімдері анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауы аяқталды.
Үздік ауыл әкімі болып Алматы облысы Іле ауданының Боралдай кенті әкімі Данияр Қоңырбаев анықталды.Д. Қоңырбаев дауыс беру кезінде ең көп ұпай жинап, 1 жүлделі орынға ие болды және өз аймағының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бойынша жобасын сәтті қорғап шықты.
2-орынды 2 әкім иеленді. Олар: Ақмола облысы Целиноград ауданы Мәншүк ауылдық округінің әкімі Ғани Исаев және Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Талдысай ауылдық округінің әкімі Қазбек Аққайыр.
3-орынды да 2 әкім иеленді: Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылдық округінің әкімі Азамат Медетов және ШҚО Жарма ауданы Шалабай ауылдық округінің әкімі Жанар Есембаева.
Сондай-ақ «Үздік әлеуметтік-экономикалық жоба» номинациясы Жамбыл облысы Рысқұлов ауданы Абай ауылдық окрігінің әкімі Мұратбек Арыстамбековке, «Халыққа ашық әкім» номинациясы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Центральный ауылдық округінің әкімі Самат Мейрмановқа, «Үздік іскер-шаруа әкім» номинациясы Атырау облысы Исатай ауданы Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Мәди Өтеғалиевке табысталды.
Республикалық конкурстардың жеңімпаздары мен қатысушылары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Анар Жаилғанованың атынан грамоталармен, дипломдармен және алғыс хаттарымен марапатталды.
Конкурстың мақсаты елдің ауылдық елді мекендеріндегі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, жергілікті бастамаларды, оның ішінде қоғамдық өзін-өзі басқару ұйымдарын ынталандыру, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізген, ауылдық елді мекендерді дамытуға елеулі үлес қосатын үздік ауыл әкімдерін анықтау және көтермелеу болып табылады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, конкурс екі кезеңнен тұрды.
Республикалық байқаудың бірінші кезеңі облыстық деңгейде өтті. Еліміздің 14 өңірінен келген үздік әкімдер республикалық байқауға жіберілді.
Конкурстың бірінші кезеңінде Агенттіктің аумақтық департаменттері облыстардың әкімдіктерімен конкурс әдістемесіне сәйкес жұмыс жүргізді. Облыстың Әдеп жөніндегі уәкілдерімен бірлесіп арнайы сауалнама әзірленді, ол бойынша тұрғындардың пікірі ескерілді және үміткерлердің мемлекеттік қызметшілердің этикасын сақтауы бойынша қорытынды берілді.
Бұдан басқа, әкімдердің халықпен тиімді және кері байланысты жолға қою жөніндегі қызметі бағаланды, осы бағытта қол жеткізілген нәтижелер зерделенді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, яғни халықпен кері байланыс орнату және мәселелерді уақытылы шешу мақсатында ауыл тұрғындары үшін «Ашық әкімдік», «Ашық диалог» форматтарында тоқсан сайынғы кездесулер өткізу тәжірибесі енгізіледі.
Ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында, ауыл әкімдіктерінің көптеген ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылған.
Ауыл әкімінің тұрғындармен ашық қарым-қатынасы және өзекті мәселелер бойынша уақытылы шешім қабылдау нәтижесінде халықтың әлеуметтік мәселелері шешіледі.
Сондай-ақ, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында бағалау рәсімдерінің міндетті талаптарының бірі облыс әкімдіктерінің сайтында орналастырылған 16 критерий бойынша онлайн-дауыс беру түрінде өткен әкімдердің жұмысына халықтың қанағаттануын өлшеу болып табылады.
Үміткерлер ауылдық округті дамытуға, ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге бағытталған жобалық жұмыс, сондай-ақ «Мен неге «үздік ауыл әкімі» атағына лайықпын» тақырыбында эссе дайындады.
Ең жоғары балл жинаған кандидатпен республикалық комиссия жеке онлайн әңгімелесу өткізді, оның құрамына Президент Әкімшілігінің, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері, Сенат пен Парламент депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері кірді.
Комиссия мүшелері олардың эсселерін, жазудағы креативті тәсілдерін оң бағалады, сондай-ақ жеңімпаздардың жобалық жұмыстары басқа қатысушылардың жұмыстарымен салыстырғанда үздік болды.