Қазақстандағы ең төменгі зейнетақы мөлшері көбеюі мүмкін
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ең төменгі зейнетақы мөлшерін өсіру жайы Қаржы министрлігі «Ашық НҚА» порталына орналастырған 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасында қарастырылған.
Сонымен 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап:
- жалақының ең төмен мөлшерi – 42 500 теңге;
- мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері –18 524 теңге;
- зейнетақының ең төмен мөлшерi – 42 272 теңге;
- жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларын, салықтарды және басқа да төлемдердi қолдану үшiн айлық есептiк көрсеткiш – 2 917 теңге;
- базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 34 302 теңге болып белгiленсiн.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын қаражат 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың мөлшерлерін 7 процентке көтеру ескеріле отырып көзделген деп белгіленсін, – делінген заң жобасында.Сонымен қатар 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлеуге жататын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға мемлекет жарналарының мөлшері – мемлекет жарналарын есептеу объектісінен 1,6 процент деп белгiлену ұсынылады.
Одан бөлек, құжатта 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап әскери қызметшілерге (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшілерден басқа) және арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне тұрғынжайды күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ақшалай өтемақының айлық мөлшерi 3 739 теңге сомасында белгiлену жайы да айтылады.
Заң жобасы 2020 жылдың 4 қыркүйегіне дейін қоғамдық талқыда болады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта ең төменгі зейнетақы мөлшері - 40 441 теңге.