Қазақстандағы баспалар жұмысы халықаралық стандартқа сай келмейді – Нұртөре Жүсіп

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қасым-Жомарт Тоқаев "отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады", дей келіп, осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажеттігін атап көрсетті, деді Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп бір топ депутаттың сауалын Асқар Маминге жолдау кезінде.

Сізге және Үкімет мүшелеріне бір сұрақ қойғым келеді: Сіздердің балаларыңыз бен немерелеріңіз қандай кітап оқып жүр? Солардың арасында Қазақстанда шыққан кітаптар бар ма? Бар болса, олардың сапасына көңілдеріңіз тола ма? Әдебиет – адам жанының айнасы.Балалар әдебиеті - ұлттық мәдениеттің негізін сақтаудың, ана тілінің байлығын арттырудың, сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың ең қуатты механизмі, - деді Жүсіп.
Оның айтуынша, балалар әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан классик жазушылардың көбісі өмірден өтті. Кезек – жас толқынға келді.
Қазақстан Жазушылар одағының 700 мүшесінен балалар әдебиетімен айналысатын 70 жазушы шықса, бөркімізді аспанға атар едік. Қазақстанда мектеп жасына дейінгі үш жасар баладан бастап, он алты жасқа дейінгі оқушыларға көркем әдеби тілде жазылған тартымды туындылар жетіспейді. Бауыржан  Момышұлының  "Ертегісіз  өскен  бала  рухани  мүгедек адам",- деген  қанатты  сөзі бар. Гүлге су құймаса – солып қалады. Өспейді. Балалар әдебиеті де сол гүл сияқты. Бұл салаға қомақты қаржы құйылмаса, ешкім жөндеп айналыспайтын болады, - деді Нұртөре Жүсіп.
Депутат Кембридждің тәсілін мысалға алды.
 1-сыныпқа кірген оқушының сөздік қоры үш мың сөзге жетуі керек. Ата-анасы күні бойы жұмыста, сәби кезінде ертегі тыңдамаған, тақпақ жаттамаған балада сөздік қор қайдан болсын? Горькийдің "балалар жазушысы өзге жазушылардан да сапалы жазуы керек" дейтін сөзі бар. Кішкентайлар үшін шығарма жазу оңай емес. Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, әр бір он жылдықта дүниеге келген сәби, бала психологиясы бір-бірінен мүлдем алшақ болады екен. Баланың жанын түсінбей, жақсы туынды шықпайды, - деді ол. 
Сенат депутаты халықтың рухани ахуалын балалар әдебиетінің дамуымен өлшеу керек дейді.
Біз мемлекеттік тіл неге өз дәрежесінде дамымай отыр деген сауалды жиі қоямыз. Балалар әдебиеті дұрыс өркен жайғанда ғана мемлекеттік тілдің тұғыры берік болады. Бұл сауалға мемлекет тарапынан "қаржы жоқ" деген жауап естуіміз мүмкін.Елімізде жыл сайын әлеуметтік бағдарланған мемлекеттік тапсырыс бойынша 2018 жылы 1 миллиард 845 миллион теңгеден астам, 2019 жылы 1 миллиард 101 миллион теңге бөлінген. Соның ішінде балалар әдебиетіне бөлінгені – тиісінше 89 млн 183 мың және 19 млн 420 мың  теңге. 2020 жылға 821 млн. 615 миллион теңге бөлу жоспарланса, соның 46848 миллионы балалар әдебиетіне арналған, - деді ол. 
 
Депутаттың сөзінше, шығатын кітаптардың ішінде балалар әдебиетінің үлес салмағы өте төмен. Таралымы да, сапалық жағы да көңіл көншітпейді.  Кейбір авторлар кітаптарды өз қаражатына шығарады. 
Баспа ісі, журналдар балаларға арналған материалдарды қызықты етіп жеткізудің жан-жақты жолын қарастыру керек.Қазір әлемде полиграфия жақсы  дамыған, дизайн мен графиканың уақыты. Қазақстандағы баспалар жұмысы халықаралық стандарттарға сай келмейді. Халықаралық тәжірибелерге сүйену керек. Шетелде автор, иллюстратор, баспагер, әдеби агент – тұтас шығармашылық топ күш біріктіреді. Бұл ретте бізге алысқа бармай-ақ, Ресей тәжірибесінен үйренуге болады, - деді ол. 
Депутаты мемлекетте қаражат жоқ емес екенін айтты.
 
Соның ең кем дегенде 50 пайызын балалар әдебиетін дамытуға бағыттау қажет.Еуропаның мемлекеттерінде, сондай-ақ  Ресей, Латвия, Бельгияда кітаптарға салынатын қосымша құн салығы 5 пайыздан аспайды.  Ұлыбритания, Ирландия, Норвегия, Польша, Украина елдерінде кітапқа салық мүлдем салынбайды, - деді ол. 

Нұртөре Жүсіпосы мәселелерді қаузай келе, бірқатар ұсынысын айтты. 
Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру" республикалық бюджеттік бағдарламасы және "Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату" кіші бағдарламасының шеңберінде, сондай-ақ Мемлекеттік тілді дамытуға арналған қаражат көздерінен балалар әдебиетін дамытуға арнайы қаржы бөлуді ұсынамыз, - деді ол. 

Оның айтуынша, балаларға арналған кітаптарды басып шығаруға жеңілдік беру үшін қосылған құн салығынан босату қажет;
Ұлттық мультфильмдер шығару ісінде жекеменшік компанияларды қаржылай қолдау тетіктерін қарастыру, жергілікті әкімшіліктер тарапынан кітапханаларды "Балалар әдебиеті" бағдарламасын жасап, шыққан жаңа кітаптармен толықтырылса дейміз. Жасөспірімдердің  кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін электронды оқулықтарды енгізу қажет. Мұндай кітаптар қолдануға өте тиімді, барынша ыңғайлы, қазіргі заман талабына сай болғаны жөн, - деді ол. 
Сондай-ақ, ол Үкімет қазақ балалар әдебиетін дамытудың кешенді бағдарламасын жасап, аталған шараларды қолға алуы қажет деп есептейтінін жеткізді.
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, Сізден, жоғарыда көтерілген  мәселелер бойынша толық жазбаша жауап беруді сұраймыз, - деді Жүсіп.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы