Қазақстанда құрылған Ұлттық кеңеске әлемдік қауымдастық оң баға берді – Ерлан Саиров

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылғанына халықаралық қауымдастық оң баға беріп отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы да, АҚШ-тың мемлекеттік департаменті де жоғары баға берген.

Бұл туралы бүгін Еуразиялық интеграция институтында өткен "Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі: талдамалық зерделеу" сараптамалық баяндамасының тұсаукесерінде саясаттанушы Ерлан Саиров айтты.

Елімізде соңғы 2 жылдың ішінде пікірлер плюрализмі, көзқарастардың әралуандылығына деген үлкен бір серпіліс бар. Міне, осы серпіліске жауап ретінде өткен жылдың қыркүйегінде Қоғамдық сенімнің Ұлттық кеңесі құрылған болатын. Бүгін Еуразиялық интеграция институтында мемлекет басшысының тікелей бастамасымен құрылған Ұлттық кеңестің жарты жылдағы жұмысы талқыланды. Институт директоры, саясаттанушы Ерлан Саировтың айтуынша, Ұлттық кеңес арқылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік пен қоғам арасындағы өзара сенім шеңберін кеңейтуге, қазақстандық социумның саяси маңызын арттыруға тырысуда.
Біздің қоғамда, азаматтардың арасында демократия мен бостаңдыққа, еркіндікке деген жоғарғы сұраныс пайда болып жатыр. Екі жылдың ішінде пікірлер плюрализмі, көзқарастардың әралуандылығына деген үлкен бір серпіліс бар. Міне, осы серпіліске жауап ретінде өткен жылдың қыркүйегінде Қоғамдық сенімнің Ұлттық кеңесі құрылған болатын. Жарты жылдың ішінде Ұлттық қоғамдық кеңес қандай жұмыс атқарды, қоғамға қандай серпін берді және Қазақстандағы демократия мәселесін халықаралық деңгейде еркіндік пен бостаңдық индексіне жақсы әсер еткені жөнінде біраз сараптамалық жұмыстар жүргіздік, – дейді институт директоры.

 Саясаттанушы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылғанына бүгінгі таңда халықаралық қауымдастық оң баға бергенін айрықша атап өтті.
Біріккен Ұлттар Ұйымы да, АҚШ-тың мемлекеттік департаменті де оң бағалап отыр. Әрине, біздің қоғамда Ұлттық кеңеске деген әртүрлі көзқарастар бар. Біреулер қолдайды, біреулер бұл Кеңестің жұмысына кішкене сын көзбен қарайды. Енді біз демократиялық елде өмір сүргендіктен, пікірлердің әралуандылығы болғандықтан – бұл заңды нәрсе. Бірақ, сарапшылардың пайымдауынша, Ұлттық кеңес халықтың өзін-өзі басқару, азаматтардың еркіндігі мен бостаңдығы аясында нақты қадам болып табылады. Сондықтан бұл Ұлттық кеңес өз жұмысын жетілдіріп, кемелдендіруі керек. Сын арта түсетін болады. Демократияның ең негізгі белгісі – азаматтардың мемлекетке, билікке деген сыни көзқарасы. Бұл – табиғи құбылыс, – деп айтты Ерлан Саиров.

Спикердің сөзіне сүйенсек, ел президенті ұсынған саяси реформалар пакеті халық арасында оң бағаға ие болды. Сарапшылардың қорытындыларының негізгі аспектілері осындай. Бұдан басқа, отырыс барысында Ұлттық кеңестің белсенді мүшесі Азаматхан Әміртай аймақтардағы мәслихаттардың жұмысын сыңға алып, солқылдақ тұстарына назар аударды.
Болашақ Парламентте оппозиция міндетті түрде болуы керек. Егер оппозиция болмаса, түк өзгермейді, сол баяғы ұйқыда жатады. Бұл Ұлттық қоғамдық кеңестің ең үлкен мақсаты осы. Мысалы, біздің жергілікті өңірлерде, аймақтарда қордаланған мәселелер бар. Онда толығымен монополияға жол берілген. Мәслихат та, әкімдік те халықты тыңдап отырған жоқ. Себебі мәслихаттың өзіне өңкей бизнесмендер мен зейнеттегі шенеуніктерді қойып қойған, – деп бірқатар мәселелердің бар екенін айтты.

Оның айтуынша, қоғамдық процестер әрі қарай дами түсетін болады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы