Қазақстанда әрбір бесінші жеткіншек артық салмақтың зардабын тартып жүр

Астана. BAQ.KZ. Елімізде әрбір бесінші жеткіншек семіздіктің зардабын тартып отыр. Бұған пайдасыз тағамдарды көп тұтыну себеп. Өткен жылы Астанада мектеп асханасына сапасыз тағам тасымалдаған 18 кәсіпкерге айыппұл салынды. Білім басқармасы олармен келісімді бұзған. Бұл туралы "Хабар 24" порталы хабарлады.

Ата-аналардың бірі Гүлбану Әбенова Астана мектептеріндегі біраз асхананы аралаған. Арнайы комиссия құрамына енген ол балалардың жеп отырған асқа көңілі толмағанын жеткізді. Оқушылар тамақтанатын орындарға бейнебақылау камерасын орнату керек. Себебі жауапсыз кәсіпкерлер аз емес дегенді айтады.

«Балалардың асханадағы дәмсіз тамақтарды жегісі келмейді. Сөйтіп, жол бойындағы дүкендерден жылдам дайындалатын өнімдерді алуға мәжбүр болады. Тыйым салынған тамақтарды жейді. Жаңа тендерге жауапкершілігі бар адамдар қатысса дейміз. Балалар үшін қауіпсіздік маңызды. Мысалы, ашықтық үшін картамен төлеу үрдісі ұнайды маған. Тек кей тасымалдаушылар оған қарсы. Себебі олардың көздегені пайда», - деді Гүлбану Әбенова.

Астанада түрлі деңгейдегі 100-ге тарта мектеп бар. Оқушылардың сапалы білім алуынан бөлек, дұрыс тамақтанғаны да абзал. Бірақ, расымен де, мектеп асханасына тағам тасымалдайтын кәсіпкерлердің жауапкершілігі әртүрлі. Өткен жылы ғана осындай 18 тасымалдаушыға айыппұл салынып, жұмысты жалғастыру бойынша келісімшарт бұзылған.

«2019 жылдан бастап, 598 жаңа бұйрық бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Ол бұйрықтың ішіндегі өзгерістер мемлекеттік сатып алуға байланысты. Егер бұрынғы 717 бұйрық бойынша мектеп басшылары өздерінің комиссиясымен мемлекеттік сатып алулар жүргізсе, қазір оны мектеп те емес, білім басқармасы да емес, басқа арнайы орган конкурс өткізіп жатыр», - деді Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаев.

Жүйелі жұмыс нәтижесін беріп жатыр. Бұл №62 мектеп-лицейінің асханасы. Оқушылар бос уақытында ыстық бәліш жеп, шай ішуге келген. Айтуларына қарағанда, ұсынылған тағамдар олардың көңілінен шығады екен.

«Асхананың тамағы көңілімізден шығады. Үлкен үзіліс болған кезде келіп, шай немесе ыстық тамақ жейміз. Бағасы негізі қолжетімді, аса қымбат емес», - деді оқушы Диана.

Мектепте 4 аптаға арналған арнайы ас мәзірі енгізілген.

«Таңғы астан бастап, балалардың ең соңғы тамақтануына дейінгі аралықта, мысалы, бір ғана ас мәзірі болатын. Толығымен бір күн бойы ботқа берілетін болса, күні бойы сол ботқалар берілетін. Қазір жаңа айтқанымдай таңғы кезде балалардың даму, жас ерекшеліктеріне байланысты тамақтану академиясы және Астана білім басқармасының келісуімен осы ас мәзірі енгізілген», - деп атап өтті №62 мектеп-лицейінің әлеуметтік педагогы Айнұр Жазитова.

Халық даналығында «Ауру астан» деген бар. Салауатты емес тағам асқазан-ішек жолдары ауруларының, семіздіктің дамуына әкеп соғуы мүмкін. Осы орайда денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен мектеп асханасындағы ас мәзірінен шұжық, сүзбеше, газдалған сусындар алынып тасталды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы