Қазақстанда машина жасау саласына баса назар аударылмақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде машина жасау саласын дамыту бойынша жол картасы бекітілді.

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің 2019 жылғы 26 маусымдағы № 115-Р өкімімен 2019-2024 жылдарға арналған Қазақстанда машина жасауды дамыту жөніндегі жол картасы бекітілді.

Бұл құжатты ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстан машина жасаушылар одағымен бірлесіп әзірлеген.

Жол картасы орта мерзімді перспективада машина жасау саласын дамытудың стратегиялық болжамы болып саналады.

Құжаттың негізгі мақсаты – отандық машина жасау кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу және саланың экспорттық әлеуетін арттыру.

Жол картасы отандық кәсіпорындардың шикізатпен қамтамасыз етілуіне, сатып алудағы жергілікті қамту үлесін ұлғайтуға, техникалық реттеу шараларын жетілдіруге және экономикалық ынталандыруды енгізуге бағытталған шараларды қарастырады.

Сонымен қатар аталған құжат тек машина жасау саласын ғана емес өңдеуші өнеркәсіпті ынталандыруға бағытталған 3 негізгі тармақты қамтиды:

1. «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңын қабылдау. Бұл заң мемлекеттің бүкіл аумағында орталықтандырылған және теңгерімді өнеркәсіп саясатын жүргізуге мүмкіндік береді, әрі өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау көрсету процесі мен шарттарын жүйелейді және жеңілдетеді. Инвесторлар өнеркәсіптің өңдеуші салаларындағы жобаларды іске асыру үшін қосымша ынталандырулар алады;

2. Жол картасымен ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жанындағы Қазақстан өнеркәсібін дамыту қорын құруға бастамашылық жасайтын тармақ көзделген. Мұндай қорлар Ресейде, Беларусьте, ЭЫДҰ елдерінде табысты жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Олар жылдық 1-4% мөлшерлеме бойынша қарыз береді, лизинг жобаларына қарыздың пайыздық мөлшерлемесі 1% құрайды;

3. Сондай-ақ отандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында кәсіпорындар үшін салықтық преференциялар енгізу ұсынылады. Яғни жаңа технологияларды енгізу, инвестицияларды ұлғайту, өндіріс көлемі мен оқшаулау деңгейі бойынша өзіне міндеттемелер алатын кәсіпорындар үшін Қазақстанда өндірілген машина жасау өнімдерін сату бойынша айналымға ҚҚС нөлдік мөлшерлемесін қолдану болжанып отыр;

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы