Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина бар ма?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлем бойынша таралған індеттің алдын алу қазіргі барлық дерлік халықтың басты мақсаты.
Қандай да болсын шара қолдану әрбір елдің кеселдің жойылуына деген сенімін арттырады. Бұл туралы ҚР БҒМ ҒК "Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты" РМК Оқу ғылыми-білім беру орталығның директоры Хайрулла Абеуов айтты.
Оның айтуынша, дүйім жұртты дүрліктірген коронавирус инфекциясы рибонуклеин қышқылы вирус ауру қоздырушысы екені көпшілікке аян. Респираторлық індеттер қатарына жататын бұл індетке Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемиялық дәреже беріп отыр. Өкінішке қарай, бұл індет біздің елге де жетіп, біраз қолайсыз жағдай туындатуда.
Қазіргі кезде әлем ғалымдары осынау індетке қарсы вакцина әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізуде. Әр елдің ғалымдары өз мүмкіндігінше вакцинаны ойлап табуда жұмыстар атқаруда.
Бұл ретте біздің ұйымымыздың аталған кеселдің алдын алуға арналған отандық вакцина әзірлеп шығаруына толық мүмкіндігі бар. Оған 61 жылдан астам тарихы бар Институттың материалдық-техникалық базасы бар, заманауи құрылғылар мен жабдықтармен жабдықталған 2-ші және 3-ші биологиялық қауіпсіздік деңгейі бар зертханалар мен ғылыми еңбектері шетелдік және отандық ғалымдармен танылған биологиялық қауіпсіздік, биотехнология, вирусология, молекулалық биология және гендік инженерия саласының майталман мамандары, көрнекті ғалымдардың барлығы дәлел бола алады, - деді Хайрулла Абеуов.
Орталық директорының сөзінше, бұған дейін де 2016 жылдан бастап 2018 жылға дейін коронавирус түрлерінің бірін зерттеу үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің "Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында" Таяу шығыс респираторлық синдромының коронавирусын (БВРС-КоВ) зерттеу бойынша халықаралық жоба орындады.
Аталған жоба шеңберінде республиканың бірнеше облыстарында түйелер мен жарқанаттар арасында коронавирустың таралуына мониторинг жүргізілді. Полимераздық-тізбектік реакция (ПТР) әдісімен түйелерден 8200-ден астам қан сарысуы сынамалары және 2500-ге жуық мұрын шайындыларының үлгілері, сондай-ақ жарқанаттардан 200 сынама БВРС-КоВ вирусының геномының болуына зерттелді, - деп қосты Хайрулла Абеуов.
Сонымен қатар, аса қауіпті инфекцияларға қарсы вакциналарды әзірлеу бойынша алдыңғы жылдардағы тәжірибелері және барынша қысқа мерзімде вирустың кандидаттық штаммын алуға дайын екендіктерін үлкен сеніммен айта алады. Мұнан бөлек, вакцинаға клиникалық сынақтар жүргізуді де ескеру қажет және де ол біраз уақытты талап ететіндігін тілге тиек етті.
Түрлеріне және әзірлеу технологияларына байланысты ғылыми зерттеулердің толық нәтижесі аталған індетке қарсы вакциналарды құрастырып шығару шамамен 2-3 жылға созылады.