Қазақстанда химия өнеркәсібі өнімдерінің көлемі артты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2010 жылдан бастап 2018 жылға дейін Қазақстанда химия өнеркәсібі өнімдерін өндіру көлемі 3,2 есеге ұлғайды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
Ведомстводан хабарлағандай, көрсеткіштердің осыншама деңгейде ұлғаюы химия кәсіпорындарын қалпына келтіру және жаңғырту, сондай-ақ Индустрияландыру картасы шеңберінде жаңа инвестициялық жобаларды енгізу есебінен жүзеге асқан. 2010-2018 жылдар аралығында бұл бағытта 54 жоба іске асырылып, 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.«Отандық химия өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосқан - Индустрияландыру картасы. Оның аясында жүзеге асырылған маңызды жобаларды ерекше атап өтуге болады. Павлодар облысындағы «Каустик» АҚ, Жамбыл облысындағы «Қазфосфат» ЖШС-ның «Натрий гексаметафосфатын және басқа тұздарды өндіру» зауыты, Маңғыстау облысындағы «ҚазАзот» ЖШС аммиак, азот қышқылы және аммиак селитрасы өндірісін жаңғырту жобасы, Жамбыл облысындағы «Talas Investment Company» ЖШС натрий цианидін өндіру зауыты өндірісті дамытуға айтарлықтай серпін берді», - дейді мамандар.
Бұл жобалар елімізде бұрын өндірілмеген химия өнімдерінің ассортиментін кеңейтуге мүмкіндік берді. Осылайша, бүгінде Қазақстанда каустикалық сода, натрий гипохлориді, сондай-ақ қосылған құны жоғары өнімдерден жуу құралдары, лак-бояу материалдарының, жарылғыш заттардың жаңа түрлері, агрохимия құралдары өндіріліп жатыр.
«Химия өнеркәсібінің ең экспортталатын тауарларының қатарына: сары фосфор, хром оксидтері мен хлоридтері, гербицидтер, хром триоксиді, аммоний нитраты, натрий дихроматы, минералды тыңайтқыштар кірді. Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында жұмыс істейді: химия саласындағы 693 кәсіпорын, оның ішінде 10 ірі, 13 орта, 670 ұсақ кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Ал химия саласындағы жұмыспен қамтылғандар саны – 16 мың адамды құрады», - делінген министрліктің хабарламасында.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы