Қазақстанда екі президент жоқ, біреу ғана бар – Назарбаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордада өтіп жатқан XII Астана экономикалық форумында Қазақстанды «Екі президент басқарады» дегенге қатысты пікір білдірді.
Пленарлық сессияның модераторы, Euronews қызметкері Штефан Гробе Нұрсұлтан Назарбаев сайлаудан кейін елдің саяси жағдайын қалай елестетінін сұрады.«Мен өз принципімді ұстанамын. Президент пен халық бір-бірін түсінген кезде мемлекет жетістікке жетеді. Ұлт көшбасшысының бағдарламасы мен идеяларына халық толықтай қолдау көрсетуі тиіс. Менің тұсымда солай болды. Елмен тығыз жұмыс істедім. Тәуелсіздік алғаннан бері бес сайлауға қатыстым. Соның бәрінде электораттың 85% төмен дауыс жинаған емеспін. Халықпен осындай түсіністіктің арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткіздік», - деді Назарбаев.
Елбасы сайлауға қатысса, тағы да жеңіске жететініне сенімді екенін айтты.
«Мен өз кандидатурамды ұсынып, сайлауда жеңіске жететініне 100% сенімдімін. Бірақ жаңа буын, жаңа команда билікке келу керек», - деді ол.
Елбасы Қазақстан ұзақ мерзімді әлеуметтік және ифрақұрылымды дамытуға арналған бағдарламалар қабылдағанын айтып өтті.
«Келесі президент – «Қазақстан-2050» бағдарламасын жалғастырады, еліміз 30 дамыған елдің қатарына кіру керек. Сол жұмыс істелуі тиіс», - деді Назарбаев.
Сөз соңында Елбасы модераторға әзілдеп, Қазақстанды екі президент басқарады дегенге қатысты пікір білдірді.
«Мен сіздерге ыңғайсыздық тудырып жатқанымды білемін: алдымен, «тұңғыш президент» сосын «президент» деп хабарлайсыздар. Алайда, Қазақстанда мұндай екі президенттік басқару жоқ. Бір ғана президент бар және ол – ең бастысы», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Айта кетейік, АЭФ-тың басты мақсаты – жаһандық үрдістерді зерттеу және Қазақстан дамуының практикалық саясатын жасау үшін экономикалық саясат пен ғылым саласында тәжірибе алмасу алаңын құру. Астана экономикалық форумы 11 жылдың ішінде әлемдік экономика мен қаржы жүйесін жетілдіру және дамыту мәселелерін талқылауға арналған ең беделді халықаралық платформалардың бірі ретінде мәртебеге ие болды. Форумға әлемнің 150 елінен 50 000-ға жуық делегаттар, оның ішінде 20-дан аса Нобель сыйлығының лауреаттары және 30 жоғары дәрежелі шетелдік саяси қайраткерлері қатысып үлгерген.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қарағандыда триатлон саябағы салынуда
Келесі жаңалық
Атырау тұрғынынан сібір жарасының белгісі анықталды
Өзгелердің жаңалығы