Қазақстанда 13 модульдік инфекциялық стационар салу жоспарлануда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды. 

Қазақстанда қазан айына қарай 13 модульдік инфекциялық стационар салу жоспарлануда. Коронавирустық инфекцияның пандемиясы аяқталған жоқ. Біз қазан айында жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) және тұмау маусымымен бірге күтілетін жаңа толқынға дайын болуымыз керек. Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп алдағы күзгі-қысқы кезеңге белсенді дайындалуда. Еліміздің дәріханаларына 10 млн-нан астам дәрі-дәрмек пакеті жеткізілді, бірыңғай дистрибьютор республиканың медициналық ұйымдарын айлық дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етіп, 30 қыркүйекке дейін 24 млрд теңге сомаға қосымша екі айлық қор құрмақ. "СҚ-Фармация" базасында республикалық тұрақтандыру қоры, сондай-ақ 11 өңірлік тұрақтандыру қоры құрылды, - деп жазды ол.
Министрдің мәлімдеуінше, ауруханаларды толық жарақтандыру үшін қосымша 2 578 өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараты, оның 1500-і отандық тауар өндірушілерден, 1078 жергілікті бюджет қаражаты, демеушілік көмек және Дүниежүзілік банк қаражаты есебінен сатып алынады. 
23 890 төсек-орын оттегімен қамтамасыз етіледі, оның ішінде 13 153-і оттегі концентраторы арқылы. Ал 2020 жылдың қазанына дейін еліміздің барлық аудандық ауруханаларын 100%-ға цифрлық рентген аппараттарымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Осы жылдың маусым-шілде айларында коронавирустық инфекцияның таралуы салдарынан медициналық ұйымдар пациенттердің ағымын игере алмаған өте күрделі кезең барлығымыздың есімізде. Болашақта осындай жағдайларды болдырмау үшін және жұқпалы аурулар қызметінің коронавирустың жаңа толқынына дайындығы мақсатында ведомствоаралық комиссия Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында салынғандарға ұқсас 2,7 мың орындық жаңа 13 жұқпалы аурулар ауруханасын салу туралы шешім қабылдады. Олар Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында салынатын болады. Өңір әкімдіктері жер учаскелерін бөліп, мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес мердігерлік ұйымдарды таңдау рәсімдері жүргізілуде. Тапсырыс берушілер өңір әкімдіктері, қаржыландыру "Жұмыспен қамтудың жол картасы" мен жергілікті бюджеттерді үнемдеу қаражаты есебінен жүргізіледі. Әрбір жұқпалы аурулар ауруханасының құнын әрбір әкімдік өз бетінше қалыптастырады. Сондай-ақ, қазіргі уақытта аталған ауруханалардың штаттық кестесін алдын ала қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, өйткені қазан айында қажет болған жағдайда олар медициналық көмек көрсетуі тиіс, - деп жазды министр.
Цойдың айтуынша, бұл шаралардың барлығы пандемия жағдайында медициналық көмектің қолжетімділігін, сапасын арттыруға, персонал мен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы