Қазақстан-Өзбекстан сауда-экономикалық орталығы құрылуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген алқасындағы 2019 жылы атқарылған жұмыс қорытындыланып, 2020 жылға арналған жоспарлар айтылды. 

ЕЭО елдері арасындағы өңірлік сауданы кеңейту шешімдерінің бірі ретінде Орталық Азия елдерімен ықпалдастықты айтуға болады. Бұл – 70 млн астам адамы бар қарқынды дамып жатқан өңір. Соңғы үш жылда бұл аймақтағы экономиканың өсу қарқыны орта есеппен 4,5%-ды құрады. Өңірдегі негізгі сауда серіктес – Өзбекстан. Оның тауар айналымындағы үлесі – 60,3% ($ 2,8 млрд), қызмет көрсету саласында – 50,5% ($ 889,2 млн). Тек өнеркәсіп тауарлары бойынша экспортты ұлғайту мүмкіндігі 182,4 млн долларды, ал АӨК бойынша $ 69,7 млн долларды құрайды. Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан Үкіметтерінің мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерін қайта жабдықтау және жаңарту бойынша жоспарларын ескеретін болсақ, бұл өңіраралық сауданы дамытуға ықпал етеді. Сондықтан Өзбекстанмен "Қорғасқа" ұқсас сауда-экономикалық ынтымақтастықтың халықаралық орталығын құруды жеделдететін боламыз, - деді ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов. 

Оның сөзінше, өңірлік сауданы дамытудың тағы бір тетігі – еркін сауда аймақтары туралы келісімдер жасасу. Бұл тарифтік және тарифтік емес кедергілерді (квоталар, техникалық кедергілер және т.б.) екі жақтан да жою арқылы сауда-саттықты дамытудың ең тиімді құралдарының бірі.

Вьетнаммен еркін сауда туралы келісім 2016 жылдың қазанынан бастап жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде тауар айналымы 51%-ға өсті. Иранмен уақытша келісім 2019 жылдың қазанынан бастап күшіне енді. Қазақстан үшін сиыр еті, өсімдік майы, кондитерлік өнімдер және макарондар сияқты тауарларға импорттық баж салығы төмендетілді. Жақында Сербия және Сингапурмен еркін сауда туралы келісімге қол қойылды. Осы елдерге шығатын экспортты ұлғайту мүмкіндігі, тиісінше, 150 млн доллар және 416 млн доллар. Қазіргі кезде ЕЭО шеңберінде осындай аймақтарды Израиль мен Египет арасында құру бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Жоспар бойынша экспорт көлемі 790 млн асады, - деді министр.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы