Қазақстан тарихы жаңа жетістіктермен толығарына сенемін – Нұрмахан Жолдасов

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмаxан Жолдасов билік басына Елбасының сенімді серігі болған азамат келсе, Қазақстан тарихы жаңа жетістіктермен толығарына сенетінін айтты.

Күні кеше Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XIX съезінде Елбасы Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынған болатын.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауын 9 маусымға белгілегеннен бастап, ел өміріндегі маңызды саяси оқиғаны лайықты өткізуге жан-жақты дайындық жұмыстарын бастадық. Сайлау жаңа мемлекет басшысын тағайындау арқылы экономикалық, саяси, әлеуметтік бағыттағы бағдарламаларды табысты жалғастыруға мүмкіндік береді. Сайлауға қатысатын кандидаттарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, халықпен еркін жұмыс істеу, өз бағдарламасын таныстыруда тең жағдайлар қарастырылады. Сондықтан саяси бәсекеге түсетін кандидаттар көп болады деп күтемін. Халықтың сайлауға белсенді қатысып, азаматтық таңдауын жасауы аса маңызды нәрсе», - деді «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмаxан Жолдасов.

Айта кетейік, аталған съезге «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалынан 50-ден аса делегат қатысты. Олардың бәрі де Елбасы сенім білдірген Қасым-Жомарт Кемелұлын халық игілігі үшін аянбай еңбек етіп, өзінің басқарушылық қабілетімен ел дамуына елеулі үлес қосқан тұлға деп таниды.

«Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық жетістіктері мен мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибесін бәрі біледі. Ұзақ жылдар бойы Елбасының сенімді серігі болған азамат ел басына келсе, Қазақстан тарихы жаңа жетістіктермен толығарына сенемін», - деді Нұрмахан Миятұлы. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы