Қазақстан үш әуе компаниясының жұмысын тоқтатты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл ақпан айында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Қазақстанда тіркелген әуе кемелерімен Ливияға қару жеткізу эмбаргосына қатысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің санкцияларының бұзылуы бойынша хаттарды ұсынды.

Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құқық қорғау органдарымен бірлесіп, БҰҰ ҚК эмбаргосын Қазақстанда тіркелген әуе кемелерімен бұзған үш әуе компаниясы бойынша жұмыстар жүргізді («Azee Air» ЖШС, «Sigma Airlines» ЖШС, «Jenis Air» ЖШС).

Осы пайдаланушылардың әуе кемелерінің меншік иелері Біріккен Араб Әмірліктерінде («AGANYA LTD») және Британдық Виргин аралдарында («Infinitive Seal Inc.») тіркелген шетелдік компаниялар.

Аталған әуе кемелерін пайдаланушылардың әуе кемелері Таяу Шығыс аймағында шетелдік тапсырыс берушілердің мүдделері үшін пайдаланылды. Әуе кемелерінің негізгі базасы Біріккен Араб Әмірліктері болып табылады.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің санкциясы бар елдерге рейстер үшінші елдердің аумағынан жүзеге асырылды.

Халықаралық практикаға сәйкес шетелде қалыптастырылған тасымалданатын жүктердің сипатын пайдаланушы мемлекет, яғни Қазақстан тарапы бақыламайды, керісінше ұшулар жүзеге асырылатын шет мемлекеттердің мемлекеттік органдары бақылайды.

Қазақстан Республикасы заңнамасының, ИКАО стандарттары мен ұсынылатын практикасының талаптарын сақтау тұрғысынан тексеру нәтижелері бойынша Қазақстанның авиациялық әкімшілігі бас директорының 2020 жылғы 29 мамырдағы №167/1 бұйрығына сәйкес азаматтық әуе кемелерінің аталған үш әуе компанияның пайдаланушысы сертификатын, оның ішінде «Sigma Airlines» ЖШС пайдаланушы сертификатының қолданылуын уақытша тоқтатты, - делінген ведомство хабарламасында.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2020 жылғы 5 маусымда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Ливия жөніндегі комитетінің жеткізілімге эмбаргосының бұзылуына қатысты баяндамасын ұсынды.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің баяндамасында тергеу барысындағы қазақстандық билік пен Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің ашықтығы мен ынтымақтастығы үшін БҰҰ сарапшылар тобының алғысы атап өтілді.

Еліміздің имиджін қақтығыс аймақтарына немесе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің санкциясындағы елдерге қару-жарақ пен әскери техниканы техниканы жеткізудің «ашық емес схемаларына» тартылған жосықсыз шетелдік әуе компаниялардың әрекеттерінен сақтау мақсатында жүк тасымалдауға және оларды кейіннен бақылауға арналған әуе кемелерін тіркеу үшін қосымша шарттар әзірленді, олар «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы «Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына енгізілді.

Аталған нормалар 2020 жылдың соңына дейін «Экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының аясында қабылданады деп күтілуде.

Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы