Қазақстан-Ресей шекарасынан өту тәртібі жеңілдейді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізіледі.
Парламенттің жоғарғы палатасының жалпы отырысында Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Марат Сыздықов тиісті заң жобасы бойынша баяндама жасады.«Бүгінгі күні Қазақстан-Ресей шекарасында 51 өткізу пункті қызмет көрсетеді. Оның 30-ы – автомобиль, 20-сы – теміржол, біреуі – өзен арқылы өтетін бекет. Қаралып отырған келісіммен шекара маңындағы тұрғындар үшін 105 шекарадан өту орны қарастырылған. Бір тәулікте аталған орындардан шекара маңында тұратын 1 мыңға жуық адам өтеді. Шекара маңындағы тұрғындарымыздың көбі үшін Ресейдің аудан және облыс орталықтары Қазақстанның орталықтарына қарағанда жақынырақ орналасқан. Екі ел азаматтары арасындағы туыс, дос, көрші қатынастары жайлы да ұмытпау керек. Бүгінгі хаттаманы қабылдау Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы маңындағы аумақтарда тұратын Қазақстан азаматтарының өту үдерісін жеңілдетуге және тәртіпке келтіруге бағытталған. Осылайша, жергілікті тұрғындар тек жеке куәлігі мен мекенжай анықтамасы арқылы шекарадан өтуге мүмкіндік алады», - деді Марат Сыздықов.
Атап өтсек, бүгін Сенат «2006 жылғы 3 қазандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасын қабылдады.
Бұған дейін Қазақстан-Ресей шекарасындағы кептеліс себебі жайлы хабарлаған едік.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы