Қазақстан мен Люксембург қосарланған салық салуды алып тастамақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сәрсенбіде Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Үкіметі мен Люксембург Үкіметі арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияға толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы мақұлданды.

Қолданыстағы конвенцияға толықтыру енгізу мемлекет иелігімен байланысты болған кезде төленетін дивидендтерді салық салудан босата отырып, ел бюджетінің мүддеcін қорғау қажеттілігінен туындады. Біз дивидендтердің іс жүзіндегі иелерін нақтыладық. Қазақстанда - бұл Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық немесе жергілікті билік органы, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі немесе Қазақстан Республикасының Үкіметіне толық тиесілі кез келген басқа мекеме.
Осылайша, аталған хаттаманың мақсаты - Люксембург аумағында тіркелген кәсіпорындарда акцияларды иелену кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне төленетін дивидендтерді салық төлеуден босату, - дейді ҚР Қаржы министрі Ерлан Жамаубаев.
Оның айтуынша, Қазақстанда Люксембургтің қатысуы бар 27 заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер қызмет етіп жатыр екен. 
Олар 2019 жылы 37 млрд теңге салық төледі. Хаттаманы іске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржы шығындарын талап етпейді. Осы Хаттаманың екі мемлекет арасындағы салық салу мәселелерінде заңнамалық база ретінде маңызды рөлін атап өту қажет, - дейді министр.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы