Қазақстан мен Лихтенштейн ынтымақтастығы артуда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының елшісі Әлібек Бақаев іссапармен Вадуц қаласына барды, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Лихтенштейн Сыртқы істер министрлігінде болған кездесуде тараптар халықаралық аренадағы өзара әрекеттестік, екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады. Қазақстан мен Лихтенштейн арасындағы ынтымақтастықтың келешегі мол бағыттарына қаржы саласы мен банк секторының инновациялық дамуы жатады.
Тамақ өнеркәсібі мен машина жасау саласындағы ынтымақтастық та жоғары әлеуетке ие.
Елші «Kaiser» компаниясының (арнайы коммуналдық техника мен адымдағыш экскаватор жасайтын әлемдегі жетекші өндірушілердің бірі) басшылығымен бұл саладағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылады. Компания азиялық нарықты игеруге мүдделі. Ал Қазақстан өзара тиімді шарттар негізіндегі ынтымақтастық үшін оңтайлы жағдайлар ұсынуға дайын.
Сондай-ақ Ә.Бақаев Лихтенштейн Княздігінің БҰҰ-ға мүше болуының 30 жылдық мерейтойына арналған «Халықаралық ынтымақтастық пен тұрақтылықтың ішкі және сыртқы келешегі» атты конференцияға қатысты.