Қазақстан мен Германия ынтымақтастық бағыттарын анықтады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаровтың басшылығымен Қазақстан делегациясы Берлинде өткен "Жасыл апта 2020" (International Green Week 2020) халықаралық азық-түлік көрмесінің ашылу барысында "Қазақстан-Герман аграрлық-саяси диалог" жобасы шеңберінде Германия Федералды азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрлігінің (BMEL) және GFA Group GmbH компаниясының өкілдерімен келіссөздер жүргізді.
Тараптар екі жақты кооперациялық жобаны жүзеге асыруды талқылады. Германиялық серіктестерге негізгі үш бағыт ұсынылды: органикалық ауыл шаруашылығы, қаржы құралдары және аграрлық саясаттың стратегиялық мәселелері бойынша тәжірибе және білім алмасу жүзеге асырылатын болады.
А.Сапаров әріптестеріне көпжылдық тығыз ынтымақтастығы үшін алғысын білдіріп, қазақстандық тараптың ауыл шаруашылығы саласындағы, әсіресе импорт алмастыру мәселелерімен байланысты бағыттар бойынша мемлекетаралық қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға дайындығы туралы мәлімдеді.
Өз кезегінде үкімет инспекторы, BMEL өкілі Надин Конле де қазақстандық әріптестеріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Сонымен қатар, ол Қазақстанда неміс мамандарының қатысуымен екі маңызды жоба табысты жүзеге асырылып жатқанын еске салды.
Біз бірлескен ынтымақтастықты қолдаймыз және бір үлкен қазақ-неміс командасы ретінде жұмыс істейміз. Егер сізде балық өсіру, сандық жабдықтау мәселелері бойынша кеңес беру қажеттілігі туындаса, біз көмек көрсетуге дайынбыз, - деп атап өтті ол.Сонымен қатар, Надин Конле құрамына білікті мамандар кіретін жұмыс топтарын құруды ұсынды. Айдарбек Сапаров бұл бастаманы қолдап, жұмыс тобының мүшелерін қабылдап, олармен Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелерін талқылауға дайын екендігін жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылғы 5-6 желтоқсанда ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары болып өтті. Сапар барысында мемлекет басшысы германиялық ірі компаниялардың, оның ішінде CLAAS және BAUMANN басшыларымен кездесті.
Осы кездесулер барысында ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Қазақстан мен Германия ауыл шаруашылығы министрліктерінің "Қазақстан-Герман аграрлық-саяси диалог" екіжақты кооперациялық жобасы аясында ынтымақтастықты одан әрі дамыту және тереңдету туралы бірлескен мәлімдемесіне қол қойды.