Қазақстан-Мажарстан стратегиялық әріптестігі дамуын жалғастыруда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Мажарстанға ресми сапармен барды.

Сапар аясында Мұхтар Тілеуберді Мажарстан Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийартомен келіссөздер жүргізді. Тараптар пандемия жағдайында екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзара іс-қимылын нығайту мәселелерін талқылап, негізгі жаһандық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасты.

Интеграциялық процестерді дамыту және өңірлік құрылымдар арасындағы, атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ – Еуропалық Одақ, «Вышеград төрттігі + Орталық Азия бестігі» бағыты бойынша өзара іс-қимылды дамыту қажеттілігі атап өтілді, сондай-ақ Нұр-Сұлтан мен Будапешттің негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарының ортақтығы белгіленді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша министрлер екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасында Дипломатиялық кадрларды оқыту саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Сол күні ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Мажарстан премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Михай Варганың төрағалығымен Қазақстан-Мажарстан стратегиялық кеңесінің төртінші отырысы өтті. Қазақстандық сыртқы саяси ведомствосының басшысы Стратегиялық кеңестің құрылуының 5 жылдық мерейтойы жылында кезекті отырысты өткізудің өзектілігін атап өтті.

Отырыстың ауқымды күн тәртібі екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрін қамтыды. Саяси диалогты кеңейту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды жандандыру перспективалары талқыланды. Ауыл шаруашылығы, әскери-техникалық ынтымақтастық, білім беру, фармацевтика, қаржы, мұнай-газ және атом өнеркәсібі басым бағыттар ретінде белгіленді.

Нұр-Сұлтан – Будапешт бағыты бойынша тікелей әуе қатынасының табысты іске асуы, сондай-ақ Қазақстан-Мажарстан тікелей инвестициялар қорының қызметі (жалпы көлемі 40 млн АҚШ долларын құрайды) аталып өтті. Қор бүгінгі таңда «Ақтөбе облысында жоғары технологиялық жылыжай кешенінің құрылысы» және «Жамбыл облысында қарқынды алма бақтарын құру» инвестициялық жобаларын іске асырды.

Тараптар сондай-ақ «Keler Group» мажарлық компаниясы пост-трейдинг қызметтерінің толық жиынтығын ұсынатын «Астана» Халықаралық қаржы орталығымен белсенді ынтымақтастықты құптады.

Мәдени ынтымақтастық екіжақты қатынастардың тағы бір маңызды элементі. Біздің халықтарымыз жанды тарихи қатынастармен тығыз байланысты, себебі Мажарстанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрметті көшбасшысы болып табылатын қыпшақтардың көптеген ұрпақтары тұрады. Екі елдің астаналарында Будапешт және Астана көшелері ашылды, сондай-ақ Мажарстанның бас қаласындағы Астана көшесінде Абай Құнанбайұлының бюсті орнатылды.

Білім беру саласы стратегиялық әріптестік шеңберіндегі ынтымақтастықтың маңызды бағыты. Мажарстан Үкіметі жыл сайын қазақстандық студенттерді Мажарстанның жоғары оқу орындарында оқыту үшін 250 грант бөледі, бұл қазақстандық білім алушылар санының айтарлықтай өсуіне алып келді. Бүгінгі таңда Мажарстанда 500-ге жуық қазақстандық студент білім алуда. Бұл ретте мажар студенттері қазақ тілін Сегед қаласындағы Ғылыми университетте және Лакителек халық институтында оқиды.

Іс-шараның қорытындысы бойынша тараптар Стратегиялық кеңестің төртінші отырысы Қазақстан-Мажарстан қатынастарына жаңа серпін беретініне сенім білдірді. Қойылған міндеттерді тиімді іске асыру мақсатында экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, туризм және атом өнеркәсібі жөніндегі жұмыс топтары, сондай-ақ Іскерлік кеңес тартылатын болады.

Мажарстанға сапары барысында Министр М.Тілеуберді Будапешттегі Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің еуропалық бөлімшесінде болып, оның қызметімен танысты.

Жалпы, сапар қорытындылары Қазақстан-Мажарстан қатынастарының ауқымдылығын және өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашатынын көрсетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы