Қазақстан мал экспортын тым көбейтіп жіберген – депутат
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Әли Бектаев Қазақстан мал экспортын тым көбейтіп жібергеніне қынжылыс білдіріп, премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдады.
"Өзбекстан Республикасы біздің ірі қара және ұсақ малдарды жаппай сатып алу саясатын қарқынды жүргізіп жатыр. Бұған екі ел арасындағы мемлекетаралық сауда-саттық қарым-қатынастың оңтайлығы көп көмегін тигізуде. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан шет мемлекеттерге 88 мыңға жуық мал сатқан. Ал биыл 9 айдың өзінде 333 мыңнан астам мал шетел асып кеткен. Яғни 3,8%-ға көп. Сатылған ірі қараның саны 2 есе, ал ұсақ малдың саны 7 есеге өскен", - дейді Әли Бектаев.Оның айтуынша, сыртқа сатылған мал басының 80 %-ын Өзбекстан азаматтары сатып алған.
"Олар Қазақстанның шекара аумағында орналасқан Түркістан, Қызылорда облыстарынан ғана емес, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарынан да малдың сапалы бөлігін іріктеп алып жатыр екен. Ең сорақысы, шетке сатылған малдардың 50 % жуығы репродуктивті аналық бастар, яғни көршілес мемлекеттер Қазақстанның малдарын етке ғана емес, өз малдарының сапасын жақсартуға және мал басын көбейту үшін де сатып алып жатыр", - дейді депутат.
Сенатор келтірген дерекке сүйенсек, Қазақстандағы мал саны 1991 жылғы көрсеткішке әлі жете алмай келе жатыр екен. Аналық бастардың шетелге сатылуы Қазақстандағы мал басының өсуіне кері әсерін тигізіп отыр.
Жыл басынан бері алғашқы 8 айда еліміз шет мемлекеттерге 4800 тонна қара мал мен қойдың еті сатқан. Ал тірідей 300 мың бас сатылған. Депутаттың айтуынша, оны етке айналдырғанда 26 мың тоннадан асады, яғни 5,4 есе көп.
"Ауыл шаруашылығы министрлігінің шетке шығаратын малдардың аналық бастарын шектеу туралы қабылдаған шешімі жеткіліксіз деп ойлаймыз. Сондықтан ветеринарлық қызметтен бөлек, кеден және кіріс, тағы да басқа құқық қорғау органдарының бұл бағыттағы жұмыстарын үйлестіретін үкіметтің арнайы нормативтік құжаты қабылдануы керек. Бұл жерде нарық талабына сай өзге де механизмдерді пайдаланған тиімді болмақ. Әсіресе жергілікті жерлерде малдарды сойып, етін қайта өңдейтін өндірісті жаппай дамыту маңызды. Шетелге тірі мал емес, ет және ет өнімдерін сату әлдеқайда тиімді болмақ. Бұл бағытта мал бордақылау мен ет өндірісін субсидиялау саясатын да нақты қарап, пысықтау қажет деп есептейміз", - дейді Әли Бектаев.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Клеопатра біз ойлағандай сұлу болмаған – ғалымдар
Келесі жаңалық
Өндірісті локализациялау келешегі талқыланды
Өзгелердің жаңалығы