Қазақстан елшісі Малайзияның мемлекет басшысына сенім грамотасын тапсырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Король сарайында Қазақстанның елшісі Болат Иманбаевтың Малайзияның мемлекет басшысы - елдің Жоғарғы Билеушісі Сұлтан Абдуллаға сенім грамотасын тапсыру салтанатты рәсімі өтті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Елші Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Малайзияның мемлекет басшысына жылы құттықтауларын жолдап, еліміздің Малайзиямен өзара тиімді ынтымақтастықты әрі қарай кеңейту мен нығайтуға қызығушылығын растады»,-делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, салтанатты рәсімнен кейін өткен екіжақты кездесу барысында Б.Иманбаев Қазақстан мен Малайзия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық қарым-қатынастар жоғары деңгейімен ерекшеленетінін атап өтті. Атап айтқанда, ол 2019 жылдың 4 ай қорытындысы бойынша Қазақстан-Малайзия арасындағы сауда көлемі 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 есе артқанына назар аударды.
Малайзияның мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның жетістіктерін жоғары бағалап, екі ел арасындағы өзара тиімді, дәстүрлі достық байланыстарды одан әрі нығайтуға әзірлігін растады.
Малайзияның мемлекет басшысы Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа және жаңадан сайланған Президенті Қ.Тоқаевқа өзінің ыстық сәлемі мен ықыласын жолдап, Қазақстан халқына одан әрі өркендеу мен гүлденуді тіледі.