Қазақ ежелден табиғатпен үндесіп өмір сүрген – Әшімбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі таңда экологиялық ахуалдың нашарлауы – бүкіл әлемді алаңдатып отырған өзекті мәселе. Жер бетінде көптеген табиғи парктер, ормандар, өзен-көлдер, жағажайлар адамдардың салғырттығынан зардап шегуде. Бұл – дабыл қағарлық жағдай, деп жазды Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында.⠀

Сондықтан қазіргі таңда дүние жүзінде қоршаған ортаны қорғауға арналған түрлі акциялар мен іс-шаралар жиі ұйымдастырылып келеді. Бүгін сондай игі бастамалардың бірі «World clean up day» – «Бүкіләлемдік тазалық күні» акциясына қатысып, көгалдандыру жұмыстарына өз үлесімізді қостық. Бұл – жыл сайын өткізілетін жаһандық жоба. Оның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғауға бүкіл әлем жұртшылығын жұмылдыру.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Жалпы, экология мәселесіне Мемлекет басшысы да баса мән беріп отырғаны белгілі. Президентіміз биылғы Жолдауында экологиялық даму еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған басымдық екенін нақтылап, мемлекеттік органдарға, Парламентке, қоғамдық институттарға маңызды міндеттер жүктеді. Соған сәйкес Сенат тиісті жұмыстарды бастап кетті. Осы аптада ғана ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты заң қабылдадық. Алдағы уақытта бұл заң бірқатар маңызды мәселені оң шешуге мүмкіндік береді деп сенеміз. Сондай-ақ, күн тәртібінде жыл соңына дейін Экологиялық кодексті қабылдау міндеті тұр, - деп жазды Мәулен Әшімбаев.⠀
Ол жалпы, қазақ ежелден табиғатпен үндесіп өмір сүрген және қоршаған ортаны қорғаудың маңызын терең түсінген халық екенін айтты.
Оған «атадан мал қалғанша, тал қалсын», «бір тал кессең, он тал ек» деген бабалар өсиеті дәлел. Бұны нағыз экологиялық тәрбие деуге болады. Сол себепті, мұндай үрдісті дамытып, жандандырып, жаңғыртып отыруымыз қажет.⁣⁣⠀

Осы тұрғыдан келгенде, бүгінгі акция қолдауға лайық бастама. Сондықтан баршаңызды осындай игі шараларға атсалысып, белсенділік танытуға шақырамын. Ең болмаса, әрқайсымыз өз үйіміздің айналасын тазалап, қоршаған ортаны қорғауға үлесімізді қосайық, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы