ҚазҰУ-дың бас ғимаратындағы конференц-залға профессор Асқар Закариннің аты берілді
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі мәжіліс залына қоғам қайраткері, профессор Асқар Закариннің аты берілді.
Физика-математика ғылым кандидаты, профессор Асқар Закарин екі рет ҚазМУ ректоры болып қызмет атқарған.
Салтанатты жиын барысында профессордың шәкірттері мен ғалымдар, ректорлар сөз сөйлеп, оның еңбектеріне тоқталып өтті.
Асқар Закарин - Мәскеу мемлекеттік университетінде жоғары геометрия бойынша қорғаған тұңғыш қазақ. Ол кісі екінші дүние жүзілік соғысқа қатысқан және алғаш Мәншүк Мәметова жайлы жазған адам. Соғыста журналистік қызметті қатар атқарған, - дейді профессор Жетпісбай Бекболатұлы.
Ғалым Қазақ педагогикалық институтында және Қазақ мемлекеттік университетінде ректорлық қызмет атқарған. Сондай-ақ, сыртқы істер министрі болған.
Бұл кісі ҚазМУ-дің шетелмен қатынасын жасаған адам. Қазіргі ҚазҰУ-дің үлкен территориясын да осы кісі алып беріп кеткен. Өйткені бұл кісі оған дейін Қазақ КСР-і Мининистрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР-і жоғары кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. Соның арқасында университет қызметкерлері үшін 300 пәтерлік үй алып берген. Яғни қаншама адамды баспанамен қамтамасыз еткен. Бұл кісінің университеттің қалыптасуы мен ғылымға сіңірген еңбегі орасан, - дейді ол.
Закарин Асқар 1908 жылы қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданында өмірге келген. 1931 жылы Орынбордағы жұмысшылар факультетін, 1937 жылы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1950-1953 жылдары ҚазПИ-дің, 1953-1955 және 1961-19670 жылдар аралығында ҚазМУ-дың ректоры болған. Қазақ КСР-і оқу министрі (1955-58), Қазақ КСР-і Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары және Қазақ КСР-і сыртқы істер министрі (1958-1961), Қазақ КСР-і жоғары кеңесінің төрағасы (1963-1967) қызметтерін атқарды. Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, "Құрмет белгісі" ордендерімен, медальдармен марапатталған.