Нұр-Сұлтанда аз қамтылған отбасылардың балаларына планшеттер табыс етіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР БҒМ "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, мектеп білімінің онлайн режиміне өтуіне байланысты Қазақстан оқушыларын қажетті техникамен қамтамасыз етуге бағытталған "Oqýshyny qolda" акциясын бастады.
Биылғы жылдың 11 тамызында ҚР Білім және ғылым министрлігі мен "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы www.qoldau.edu.kz платформа арқылы "Оqýshyny qolda" акциясын бастады.
Жобаның техникалық операторы қайырымдылық саласындағы жобаларды жүзеге асыруда үлкен тәжірибесі бар "Менің Атамекенім" қоғамдық бірлестігі.
Қашықтан білім алуға көшу кезінде барлық отбасыда үйде балаларды оқыту процесіне қажетті компьютер, ноутбук немесе планшет бола бермейді. Осыған байланысты жобаның мақсаты - әрбір оқушы мектепте оқуды жалғастыруға мүмкіндік алуы мақсатында қажетті техниканы сатып алу үшін қоғам мен бизнес өкілдерін тарту болып табылады.
Жиналған қаражатқа оқушылардың мақсатты пайдалануы үшін нақты мектептің балансына берілетін қажетті техника сатып алынады.
2020 жылғы 14 тамызда "Менің Атамекенім" ҚБ Президенттік Жастар кадрлық резервімен бірлесіп, Нұр-сұлтан қаласының әлеметтік аз қамтылған отбасыларының балаларына 9 планшет табыс етеді, - делінген хабарламада.
Бұл көмек кімге арналған?
Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, біз Қазақстан мектептеріне мониторинг жүргіздік және оқушылардың тегін техника алу кезегін анықтау кезінде ескерілетін өлшемталаптарды анықтадық. Бірінші кезекте көмек ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарының балаларына көрсетілетін болады. Сондай-ақ, ауыл мектептерінде оқыту факторы да назарға алынатын болады.
Осы жұмыстардың нәтижесінде шұғыл қажеттіліктер тізімі жасалды. Біз бұл тізімді бизнес өкілдерінің және қайырымдылық жасаушылардың көмегімен жабамыз деп үміттенеміз. Оқушылардың осы санаттарын техникамен қамтамасыз еткеннен кейін көмекке мұқтаж балалар өзге де санаттарына кезек келеді. Қайырымды бол! Өз мектебіңе көмектес! Біз мектеп бітірген түлектерді өз мектептеріне қолдау көрсетуге шақырамыз! Іздеу жүйесін қолдана отырып, сіз өзіңіз білім алған мектепте қанша бала техникаға мұқтаж екенін анықтай аласыз. Сіз өз мектебіңізге жеке өзіңіз немесе сыныптастарыңызбен бірлесіп көмектесе аласыз. Бұл көмегіңіз мұғалімдердің берген білімі үшін айтқан ең жақсы Алғыс болады!, - делінген "Менің Атамекенім" ҚБ хабарламасында.