Әз Наурыз Қазақ және Әзербайжан елдерінде
Алматыда С.Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасында «Сәлем, Наурыз!», «Сәлем, Новруз!» атты онлайн-телекөпір өтті. Іс-шара Әзербайжан республикасының Орталық кітапханасымен бірлесіп ұйымдастырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
3-сынып оқушылары, кітапханашылар, мұғалімдер, РЭЦК студенттері өнерлерін ортаға салды. Екі елдің салт-дәстүрлерін көрсетіп, ән-билерінен шашу шашты.
Біз «Сәлем, Наурыз!», «Сәлем, Новруз!» атты онлайн-телекөпірін осымен екінші рет өткізіп отырмыз. Осылайша ұлттық құндылықтарымызды, ақын-жазушыларымыздың шығармаларын шетелдік қонақтарға танытпақпыз. Мұндай іс-шаралар көршілес Қырғызстан, Белоруссия, Өзбекстан сынды мемлекеттермен де өткізілуде. Сөйтіп, мектеп оқушыларын, студенттерімізді әр елдің салт-дәстүрімен, әдебиетімен таныстырып келеміз. Кітапханалық қоғамдастығы шеңберінде ұлттық мәдени кодты сақтау мақсатын көздейміз, – дейді С.Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасының меңгерушісі Алма Қонарова.
Аталмыш іс-шарада екі елдің балалары Наурыз мерекесі туралы жұмбақтар мен мақал-мәтелдер айтып жарысты. Сондай-ақ салт-дәстүрлерді көрсетіп, музыкалық аспаптарда ойнады. Әзербайжан тілінде Джаваншир Кулиевтің «Novruz gəlib» және Алекпер Тагиевтің «Qızıl lalədir adım» әндері орындалды.
Кітап оқуға келгенмін, осынау мерекелік іс-шараның үстінен түстім. Басқа елдер Наурыз мейрамын қалай тойлайды деп ойлайтын едім. Әзербайжан халқының ұлттық дәстүрлері мен тағамдарымен таныс болдым. Маған өте қатты ұнады, – дейді Жадыра Сенбек есімді оқырман.
Көрермендерге мерекелік дастархан ұсынылды. Әзербайжан халқы Новруз қарсаңындағы сәрсенбі күнін «ахыр чершенбе» деп атайтынын, осы кезде орындалатын әдет-ғұрыптарын көрсетті.