Сұлтанов: Аз қамтылған отбасылар үшін бюджеттен 3 млрд теңге бөлінеді

Астана, BAQ.KZ. Астанада әлеуметтік салаға осы жылы 150 млрд теңге бөлінді. Бұл бюджет көлемінің 35%-ын құрайды.

Бұл туралы Астана әкімі Бақыт Сұлтанов ҚР Үкіметінің отырысында айтты, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

«Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінде Елбасы жариялаған тапсырмалар мен бастамалар Астанамыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, маңызды жобаларды іске асыруымызға қарқын береді. Осы күнге дейін біз, көмекке зәру 3 мыңнан астам азаматтарды қабылдадық. Азаматтар көтерген мәселелерді жүйелендіріп, елордамыздың әлеуметтік картасын жасақтадық. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жергілікті бюджет қайта қарастырылып, бірқатар шығындар оңтайландырылуда. Ол қаражат тұрғындар үшін қажетті қосымша әлеуметтік көмек беруге бағытталатын болады», - деп мәлімдеді Бақыт Сұлтанов.

Қаламызда әлеуметтік салаға осы жылы бөлінген қаражат 150 млрд теңгені құрайды. Бұл бюджет көлемінің 35%-ын құрайды.

«Сонымен қатар, 6 наурызда өтетін мәслихат отырысында бюджетті нақтылау кезінде жергілікті бюджет есебінен мұқтаж азаматарды қолдау үшін 3 млрд. астам теңге көлемінде қаражат бөлу қарастырылатын болады», - деп атап өтті ол.

Әкімнің айтуына қарағанда, тұрғын үйді пайдалану мен коммуналдық төлемдерді төлеуді 18%-ға көтеру, көпбалалы отбасыларға көмір сатып алу бойынша көмек беретін боламыз. Қатты отынға бөлінетін жәрдемақы мөлшері де 8 айлық есептік көрсеткіш 16-ға дейін ұлғайған.

Әлеуметтік қызметтерді көрсетуге бағытталған әлеуметтік жоба аясында аутист балаларға тиісті арнайы қызметтер көрсету үшін бюджеттен 40 млн. теңге бөлінді. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда қалада қызмет көрсетіп жүрген инватакси көліктерінің саны екі есе көбейтіледі деп жоспарлануда. Қазір қалада мұндай қызметті 23 көлік көрсетеді.

Жұмыспен қамту бағдарламасының шеңберінде 2019 жылы жұмыссыздарды қоғамдық жұмыс орындарымен қамтуды 500-ден 1000 адамға дейін көбейтілмек.

Елордада әлеуметтік-осал балалар үшін: қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру, мектептерде ыстық тамақпен 11 сыныпқа дейін қамтамассыз ету, сауықтыру демалысына қосымша 1 000 орын беру, мектепке қажетті киім мен керек-жарақтарын сатып алу және қосымша гранттар бөлу сияқты қолдау көрсетіледі.

Елбасы халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жоғарылату жөніндегі нақты тапсырмаларды орындау аясында Республикалық бюджеттен қосымша бөлінетін трансферттер бойынша қала билігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге жалақысы төмен бюджет қызметкерлерінің жалақыларын көбейту, көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмекті ұлғайту жұмысын пысықтауда.

Бақыт Сұлтанов мәлімдегендей, «Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы кредиттік тұрғын үй салу» бағыты бойынша 900 пәтерді осы жылы пайдалануға беру жоспарда бар.

Қала бюджетінде 2000 сертификат беруге 2 млрд теңге қарастырылған.

Тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 731 пәтерді жалдамалы баспана ретінде үй кезегінде тұрған азаматтарға пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

«Елбасы берген тапсырмаларға сәйкес, қолжетімді тұрғын үй құрылысына Республикалық бюджеттегі трансферттерден бөлінетін қосымша қаражатты қайта қарастырамыз. Бұдан басқа, жергілікті бюджетті оңтайландыру есебінен үнемделген қаражаттар осы үй құрылысына жіберілетін болады», - деді Бақыт Сұлтанов.

2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетте инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға 174,5 млрд теңге, оның ішінде 2019 жылға - 77,1 млрд теңге қарастырылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы