Депутат тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың жаңа жолын ұсынды
Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеуді ұсынды. Бұл туралы ол Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында бірқатар шара қабылданып, жауапкершілік күшейтілген. Алайда қайғылы оқиғалар әлі де тіркеліп отыр.
Ол қоғамда резонанс тудырған бірнеше оқиғаны мысалға келтірді. 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлова көптеген пышақ жарақатынан қаза тапса, 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адауваны бұрынғы жұбайы өлтірген.
Осы жағдайларға байланысты қолданыстағы қорғау тетіктерінің зорлық-зомбылық жасалғаннан кейін ғана әрекет етпей, қауіпті алдын ала анықтап, оның алдын алуға қаншалықты мүмкіндік беретінін қайта қарау қажет, - деді депутат.
Айжан Аймағанованың пікірінше, Қазақстанда бұл үшін қажетті құқықтық және цифрлық құралдар бар. Ендігі міндет – оларды тиімді пайдаланып, ықтимал қауіпті дер кезінде анықтау және адам өмірін қорғау. Депутат мұндай тәжірибе Франция сияқты бірқатар елде қолданылатынын айтты.
Осыған байланысты ол үш ұсыныс жасады.
Біріншіден, Ішкі істер министрлігі жекелеген өңірлерде «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізуі керек.
Екіншіден, қауіп туралы сигнал түскен кезде полиция қызметкерлерінің қандай әрекет жасауы керектігін айқындайтын бірыңғай міндетті алгоритм бекітілуі қажет.
Үшіншіден, әрбір қауіп сигналы мен оған байланысты қабылданған шаралар автоматты түрде цифрлық жүйеде тіркелуі тиіс. Бұл әрбір жағдай бойынша кімнің, қашан және қандай әрекет жасағанын бақылауға мүмкіндік береді.
Депутаттың сөзінше, жаңа әрі қымбат ақпараттық жүйе құру міндетті емес. Қолданыстағы профилактикалық есепке алу және электрондық бақылау тетіктерін тиімді пайдалану арқылы да қауіптің алдын алу мүмкіндігін арттыруға болады.
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру үшін қолда бар құқықтық және цифрлық мүмкіндіктерді пайдаланып, қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтап, олардың алдын алуымыз керек, – деді Айжан Аймағанова.