Қазақстан қаржы айырбастау орындары қауымдастығы мәлімдеме жасады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің ірі қалаларындағы ақша айырбастау орындарында шетелдік валюта жеткілікті деңгейде, дүрбелең тудыруға негіз жоқ. Бұл туралы Қазақстан қаржы айырбастау орындары қауымдастығының президенті Аршын Ғалымбаев Алматыда өткен баспасөз мәжілісі кезінде айтты.

Оның айтуынша, еліміздегі Қазақстан қор биржасы астана уақытымен сағат 10.15 кезінде жұмысын бастаған. Бұл кезде доллар бағамы 410 теңге маңайында болған. Ал, алғашқы келісім сағат 12 шамасында жасалған. Яғни осы аралықта еліміздің ақша айырбастау орындарында доллар қаншаға өсетіні туралы нақты түсінік болмаған. 

Қазақстан Қор биржасындағы алғашқы келісім 435 теңге көлемінде жасалды. Бұл Банктер арасында осындай бағамда келісімдер жасалғанын көрсетеді. Қазір жағдай тұрақты, барлық ақша айырбастау орындарында шетелдік валюта жеткілікті деңгейде бар. Яғни қаржы нарығында ешқандай дүрбелең жоқ. Желіде доллар курсы 502 теңгеге дейін көтеріледі деген жалған ақпараттар да тарады. Оны кім таратқаны және қандай мақсатты көздегені белгісіз. Осындай фейк ақпарат тарататындарды ҚР ІІМ-гі бақылауына алуын өтінеміз,-деді ол. 

А. Ғалымбаев мұндай кезде курстың көтерілуіне ақша айырбастау орындарын кінәлау қисынсыз екенін айтады. Өйткені ақша айырбастау орындарының барлығы Қазақстан қор биржасының мәліметіне сүйеніп жұмыс істейтін көрінеді. 

Қазір Қазақстан қор биржасында сауда жүргізіліп жатыр, доллар бағамы 435 теңге маңайында. Сондықтан дүрбелең туғызатындай негіз жоқ, біз қаржы нарығын шетелдік және ұлттық валютамен қаматамасыз ете аламыз,-дейді қауымдастық президенті. 

Сондай-ақ ол, мұндай кезде теңгені долларға ауыстыруға асықпауға шақырды.

Осындай уақытша үрдістен кейін кейде доллар бағасы түсіп жатады. Сондықтан жағдай тұрақталғанша сабырлық сақтаған жөн,-деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы