Айыппұлмен шешілмейді: Көлік министрлігі жол қауіпсіздігін қалай өзгертпек?
Қазақстанда соңғы бес жылда автокөлік саны 1,7 миллионға артты. Бұл өсім жол инфрақұрылымына қаншалықты салмақ салып отыр? Жол апаттарының азаюына не әсер етті және қауіпсіздікті күшейту үшін қандай жүйелі шаралар қабылданып жатыр? Осы және өзге де сұрақтарға Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Баяхмет жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
– Соңғы бес жылда елдегі автокөлік саны 1,7 миллионға артты. Жол инфрақұрылымы бұл өсімге қаншалықты сай келіп отыр? Қай өңірлерде тәуекел жоғары?
– Автомобилизация – уақытша құбылыс емес, бұл жыл сайын тұрақты түрде өсіп отыратын ұзақмерзімді үрдіс. Халықтың мобильділігі артқан сайын жеке автокөлікке деген сұраныс та ұлғая береді. Сондықтан мемлекеттің басты міндеті – көлік секторының дамуына ілесіп қана қоймай, инфрақұрылымдық тәуекелдерді алдын ала жоспарлау арқылы азайту.
Соңғы жылдары жолдарды қайта жаңғырту, өткізу қабілетін арттыру, жол санаттарын жоғарылату, айналма жолдар салу және интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Дегенмен көлік тығыздығы жоғары мегаполистерде, ірі агломерациялар мен транзиттік дәліздер өтетін өңірлерде тәуекел деңгейі әлі де жоғары. Сондықтан бұл аймақтарда жол инфрақұрылымын дамыту басым бағыт ретінде қарастырылып отыр.
– Жол апаттарынан адам өлімі 9,4 пайызға азайғаны айтылды. Бұл көрсеткішке қандай нақты шаралар әсер етті?
– 2025 жылы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар инфрақұрылымдық және ұйымдастырушылық шара қабылданды. Атап айтқанда, 1 мың шақырым автомобиль жолы I және II санаттарға ауыстырылды. Қазіргі таңда республикалық жол желісінде I санаттағы жолдар – 3,6 мың шақырымды, II санаттағы жолдар – 6,2 мың шақырымды құрайды.
Елді мекендерді айналып өтетін 5 жаңа жол салынды. Жалпы айналма жолдардың саны 65-ке жетті. Сонымен қатар 4 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі пайдалануға беріліп, олардың жалпы саны 34 болды. Жануарлардың жолға шығуының алдын алу үшін 76 мал өткелі салынды, ал қоршаулардың жалпы ұзындығы 2,2 мың шақырымға жетті.
Апат қаупі жоғары учаскелерде 4 мың шаршы метр шу жолақтары төселіп, 630 мың жол белгісі орнатылды. 35 мың шақырым жол таңбасы сызылып, 320 шақырым аумақта жарықтандыру жүйесі іске қосылды. Қысқы кезеңде де жылдамдық режимін реттеу және қолайсыз ауа райында қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету шаралары күшейтілді.
– Президент жол апаттарын тек айыппұлмен шешу мүмкін еместігін айтты. Жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру үшін қандай алдын алу шаралары қолға алынды?
– Техникалық қарап-тексерудің сапасын арттыру мақсатында биыл 5 сәуірден бастап заңнамаға өзгерістер енгізілді. Енді техникалық қарап-тексеруді формалды түрде жүргізгені үшін айыппұл мөлшері 30 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар техникалық қарап-тексеру операторларын 3 жылға дейін қызметінен айыру шаралары қарастырылған.
Қауіпсіздік саласындағы қолданыстағы 59 техникалық құжат қайта қаралып, оның 11-і жаңартылды. Бұдан бөлек, алдағы 5 жылға арналған Жол қозғалысы қауіпсіздігі стратегиясын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл құжат жол-көлік оқиғаларының санын жүйелі түрде азайтуды көздейді.
– Жол сапасы мен қауіпсіздік инфрақұрылымына тәуелсіз мониторинг жүргізіле ме?
– Министрліктің тәулік бойы жұмыс істейтін ахуалдық орталығы және «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының 1403 диспетчерлік қызметі жолдардың жағдайын үздіксіз бақылап отырады. Жол пайдаланушыларынан өтініш түскен жағдайда тиісті жол қызметтері жедел түрде қауіпсіз жүріп-тұруды қамтамасыз ету шараларын қабылдайды.
Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігінің Дағдарыс жағдайларын басқару орталығында «КАЖсервис» қызметкерлерінен құралған кезекшілік тәулік бойы ұйымдастырылған.
– Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар нақты қай бағыттарда қолданылады?
– Жасанды интеллект пен пилотсыз көлік технологияларын енгізу – жол саласын дамытудың стратегиялық бағыты. Қазіргі таңда мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жұмыстары басталды. Алғашқы кезеңде пилотсыз көліктерге қатысты негізгі ұғымдар айқындалып, оларды пайдалану тәртібі, жауапкершілік аймақтары мен қауіпсіздік талаптары бекітіледі. Инфрақұрылымды цифрландыру, интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу және жол бойындағы интернет сапасын арттыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
– Транзиттік автокөліктер саны 3 миллионға жетті. Бұл жол қауіпсіздігіне қалай әсер етіп отыр?
– Транзиттік тасымал – экономиканың және көлік-логистика саласының дамуы үшін маңызды фактор. Қазақстанның өңірлік және халықаралық көлік хабы болу мақсаты транзитсіз мүмкін емес. Жол жүктемесі артқанымен, дұрыс жоспарланған инфрақұрылым арқылы бұл тәуекелдер басқарылатын деңгейде ұсталып отыр.
Осы бағытта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», Астана – Алматы, Ақтөбе – Атырау – Астрахань, Омбы – Майқапшағай және Талдықорған – Өскемен бағыттары кезең-кезеңімен жаңғыртылды. Бұл жолдарда өткізу қабілеті арттырылып, қауіпсіздік инженерлік шешімдері, жарықтандыру мен цифрлық мониторинг жүйелері күшейтілді.
– Көлік министрлігі мен Ішкі істер министрлігі арасындағы үйлестіру қалай жүзеге асырылады?
– Қала сыртындағы жолдарда, әсіресе ақылы учаскелерде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта мұндай бақылау 8 жол учаскесінде іске асырылды. Қалған 18 учаскеде бұл мәселе Ішкі істер министрлігімен бірлесіп пысықталуда. Сонымен қатар жылдамдық режимі өзгермелі жол учаскелерінде құқықбұзушылықтарды тіркеудің дәлдігін арттыру үшін көлік құралдарының орташа жылдамдығын есептеу әдістемесі қайта қаралып жатыр. Жалпы алғанда, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті жүйелі шара қабылдануда.
– Әңгімеңізге рахмет!