Бүгiн 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Бес айда 12 мыңнан астам жол апаты: Айыппұл жолдағы мәдениетті өзгерте алды ма?

2026 жылдың алғашқы бес айында Қазақстанда 12 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған азамат түрлі дене жарақатын алды.

2026 жылдың алғашқы бес айында Қазақстанда 12 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған азамат түрлі дене жарақатын алды. Жыл сайынғы статистика өзгергенімен, бір нәрсе өзгермейді – апаттардың басым бөлігі адам факторынан болады.

Бұл жағдай қоғамда «айыппұл көбейгенімен, неге жолдағы тәртіп жақсармайды?» деген заңды сұрақ туғызады. Шынында мәселе заңның қатаңдығында ма, әлде жол қозғалысы мәдениетінде ме?

Статистика не дейді?

Қазақстанда жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін жауапкершілік жылдан-жылға күшейіп келеді. Биыл Қазақстанда 12 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Қалаларда мыңдаған бейнебақылау камерасы орнатылды, құқық бұзушылықтарды автоматты тіркейтін жүйелер көбейді, кейбір заңбұзушылықтар үшін айыппұл мөлшері артты. Соған қарамастан, жол-көлік оқиғалары қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып қала береді.

Жол-көлік оқиғаларының әрқайсысының артында адам тағдыры тұр. Сондықтан бұл мәселе тек полицияның немесе жүргізушілердің ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігіне айналып отыр.

«Айыппұлдардың бәрі көбейіп жатыр» деу дұрыс па?

Қоғамда «жыл сайын айыппұл көбейіп жатыр» деген пікір жиі айтылады. Алайда ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, бұл пікір толықтай шындыққа сәйкес келе бермейді.

Оның сөзінше, азаматтардың көбі айыппұлдың теңгемен көрсетілген сомасының өсуін заңдағы жауапкершіліктің күшеюімен шатастырады.

Мәселен, бірнеше жыл бұрын жылдамдықты асырғаны үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл белгіленсе, бүгінде де дәл сол мөлшер сақталған. Өзгеретіні – жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) мөлшері. Соған байланысты теңгемен есептелетін айыппұл көлемі ғана өседі.

Көпшілік айыппұл сомасының өзгеруін заңның қатаңдауымен шатастырады. Шын мәнінде көптеген құқық бұзушылық бойынша заңдағы АЕК саны өзгерген жоқ. Өзгергені – АЕК мөлшері ғана. Сондықтан «барлық айыппұл көбейді» деу дұрыс емес, – дейді Ақтоты Боранова.

Сонымен бірге ол заңнамада белгілі бір өзгерістер болғанын да атап өтті. Бірақ бұл өзгерістер барлық жүргізушіге емес, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзатын азаматтарға қатысты енгізілген.

Мысалы, белгіленген жылдамдықтан 60 км/сағ және одан көп асырған жүргізушілер үшін жаңа жауапкершілік белгіленді. Ал кейбір жеңіл құқық бұзушылықтарға қатысты, керісінше, ізгілендіру шаралары қабылданды. Мәселен, күндізгі жарық шамын алғаш рет жақпаған жүргізушіге енді бірден айыппұл салынбайды, алдымен ескерту беріледі.

«Айыппұлдың мақсаты – жазалау емес»

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Қазақстанды «штрафстан» деп сынайтын пікірлер де жиілеп кетті. Бұл сынға Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жауап берген еді.

Министрдің айтуынша, айыппұлдың мақсаты – азаматтарды жазалау емес, қоғамдағы құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Кейбір адамдар ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін тек қалтасына салмақ түскенде ғана түсінеді. Кез келген жазалау тәжірибесінің басты мақсаты – қоғамда құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасау, – деді Ержан Сәденов.

Министрдің пікірінше, айыппұл заң талаптарын сақтайтын азаматтарға емес, ережені саналы түрде бұзатын адамдарға салынады. Бір адамның жауапкершілікке тартылуы өзгелерге сабақ болуы керек.

Сонымен қатар ол құқықтық мәдениетті бала кезден қалыптастырудың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдық мүлікті бүлдіру немесе қоршаған ортаға ұқыпсыз қарау сияқты әрекеттер де құқықтық мәдениеттің деңгейін көрсетеді.

Камера көбейді, нәтиже қандай?

Жол қозғалысын бақылауда цифрлық технологиялардың рөлі де жылдан-жылға артып келеді.

Ақтоты Боранованың айтуынша, Ішкі істер министрлігі автоматтандырылған бақылау жүйелерін 2006 жылдан бері пайдаланып келеді.

Қазіргі таңда Қазақстанда 30 мыңнан астам автоматты құқық бұзушылықты тіркейтін жүйе жұмыс істейді. Олар жылдамдықты асыруды, қауіпсіздік белдігін тақпауды, көлік жүргізу кезінде телефон пайдалануды, бағдаршамның қызыл түсіне өтуді, стоп-сызықтан асып кетуді автоматты түрде анықтайды.

Сонымен қатар елімізде 1,3 миллионнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 400 мыңнан астамы жедел басқару орталықтарына қосылған. Бүгінде жол қозғалысы ережесін бұзудың 60 пайыздан астамы дәл осы автоматтандырылған жүйелер арқылы анықталады.

Маманның айтуынша, цифрлық технологиялардың енгізілуі жол-көлік оқиғаларының салдарын азайтуға ықпал еткен.

Шамамен 20 жыл бұрын елімізде жол апатынан жыл сайын 4,5 мыңға жуық адам көз жұмса, бүгінде бұл көрсеткіш екі еседен астам төмендеді. Бірақ бұл нәтижеге тек камералардың арқасында жеттік деуге болмайды. Бұл – кешенді жұмыстың нәтижесі, – дейді Боранова.

Боранова: қарсы жолаққа шығу, маневр жасау көп

Ресми мәліметке сәйкес, жол-көлік оқиғаларының 90% астамы жүргізушілердің жол қозғалысы ережесін сақтамауынан болады.

Жыл сайын елімізде шамамен 14 миллион құқық бұзушылық тіркеледі. Оның 40%-ы белгіленген жылдамдықты асыруға тиесілі.

Бұдан бөлек, қарсы жолаққа шығу, маневр жасау ережесін бұзу, бағдаршамның қызыл түсіне өту және жаяу жүргіншілерге жол бермеу сияқты құқық бұзушылықтар да жиі кездеседі.

Ақтоты Боранованың айтуынша, жол қауіпсіздігі үш негізгі факторға байланысты: жүргізуші, көлік құралының техникалық жағдайы, жол инфрақұрылымы.

Яғни жүргізуші ережені білуі әрі сақтауы керек. Көлік техникалық тұрғыдан жарамды болуы тиіс. Ал жол инфрақұрылымы ықтимал қателіктің ауыр салдарға ұласуына жол бермейтіндей деңгейде болуы қажет, - дейді ол.

Басқа мемлекеттер не істеп жатыр?

Дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне қарасақ, олардың ешқайсысы жол қауіпсіздігін тек айыппұлмен қамтамасыз етпейді.

Мысалы, Швецияда Vision Zero тұжырымдамасы қолданылады. Оның негізгі мақсаты – жол апатынан адам өлімін барынша азайту. Бұл елде жауапкершілік тек жүргізушіге емес, жолды жобалаушыларға, жергілікті билікке және мемлекеттік органдарға да жүктеледі.

Ал Нидерландта қауіпсіз жол жүйесін қалыптастыруға басымдық беріледі. Велосипед жолдары, қауіпсіз қиылыстар, мектеп маңындағы арнайы инженерлік шешімдер жол апатының алдын алуға көмектеседі.

Жапонияда тұрғын аудандар мен мектептердің маңында жылдамдық қатаң шектеледі. Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұл елдердің тәжірибесі бір нәрсені көрсетеді: айыппұл – маңызды құрал. Бірақ ол қауіпсіздік жүйесінің бір ғана бөлігі.

Құқықтық мәдениет бәрінен маңызды

Ақтоты Боранова жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ең маңызды фактор құқықтық мәдениет екенін айтады.

«Заң мен тәртіп» – тек талап емес, әр азаматтың күнделікті өмір салты болуы керек. Егер азамат заңды бұзбаса, оған айыппұл да салынбайды. Сондықтан ең тиімді жол – құқық бұзушылықтың алдын алу, - дейді ол.

Оның айтуынша, полиция қызметкерлері мектептерде, балабақшаларда, колледждерде, жоғары оқу орындарында және еңбек ұжымдарында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Алайда құқықтық мәдениет ең алдымен әр азаматтың өзінен басталады.