Айымбетов: Марсиан құпиясын ашатындар ортамызда отыруы мүмкін
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ғарышты бағындырған Халық қаһарманы Айдын Айымбетов Челябинск маңына құлаған метеоритті үнемі мысалға келтіретінін айтты.
Ұшқыш 10 км биіктікте жарылған белгісіз космостық дененің тас немес металл тәріздес емес, мұз күйінде болғаны бізді сақтап қалды дейді. Бұл туралы ол бүгін Назарбаев Университетінде өткен Jas Otan Саѕеѕ жастар сессиясында айтып берді.Бүгінгі жиынға шақырғандарыңызға алғыс айтамын. Қуаныштымын. Байқоңыр – әлем космонавтикасының бесігі. Бұл ғарыш айлағы Қазақстанға Кеңес Одағынан қалған асыл мұра. Шөл даланың дәл ортасына осындай айлақ салу таңғажайып дүние. Әлбетте, елімізде ғарыш саласы дамып келеді. Бұған Тұңғыш президентіміз – Елбасының қосқан үлесі зор. Оның қолдауы мен қадағалауының нәтижесінде игі істер атқарылды. Үш бірдей қазақ ғарышкерлері бар. Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және мен. Бұл айтулы жетістік, - деді студент жастармен тілдескен Айдын Айымбетов.
Ол қазіргі күні Назарбаев университетінің жанынан Ұлттық ғарыш орталығы салынып жатқанын айтты.
Келешекте осы орталықта жобалау кезеңінен бастап сынамалық зерттеулер жүргізе алатын боламыз. Біздің алдымызда теле-коммуникациялық спутниктің өндірісі және Жерді қашықтықтан зондтау жүйесін іске қосу міндеттері тұр, - деген жоспарымен бөлісті.
Кездесуде Мадияр есімді Жоғары медициналық колледждің студенті ғарышкерге: "Бала кезімізде ұл болсын, қыз болсын баршамыз ғарышкер болсақ деп қиялға берілетін едік. Ал, сіз армандадыңыз ба?", - деп сауал қойды.
Тұңғыш рет Юрий Гагарин ғарышқа ұшқан сәтте ауладағы барлық балалар, соның ішінде мен де бармын, армандайтын едік. Дәл сол жылдары "Звездные войны" фильмдері шыға бастады. Зерттеу, космос және бөгде планеталықтар аса қызықтыратын мені. Ең қызығы, Челябинск маңына құлаған метеоритті үнемі мысалға келтіремін. Алып космостық дененің жерге жақындағанын көрдік, алайда оның не екенін анықтай алмадық. Ол шақырылмаған қонақ сияқты өзге галактикадан жоғары жылдамдықпен ұшып келді.10 км биіктікте жарылды. Оның тас немесе металла емес, мұз күйінде болғанын ескерсек, жолымыз болды, - деп жауап берді Айдын Айымбетов.
Үшінші қазақ ғарышкері бүгінде Жер тұрғындарының Айға, сосын барып Марсқа көшу мәселесі көтеріліп, зерттеліп жатқанын айтты.
Бәлкім, сіздердің араларыңызда марсиандық құпияны ашатын зерттеуші ғалымдар отырған болар, - деген пікірін білдірді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қазақстанның үздік оқушылары марапатталды
Келесі жаңалық
Өндірісті локализациялау келешегі талқыланды
Өзгелердің жаңалығы