Айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова дүниеден өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Танымал айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова дүниеден өтті. Бұл туралы Біржан Байтуов Facebook парақшасында хабарлады. 

Алаштың аяулы ақыны Əселхан Қалыбекова апамыз бұл жалғанмен қоштасып, шын өмірге аттанды. Барша қазақ еліне қайғырып көңіл айтамыз. Жаназа уақытын қосымша хабарлаймыз. Инна лиллəһи уə инна илайһи роджиғун, - деп жазды ол.

Әселхан Қалыбекова 22 сәуір, 1950 жылы Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында туған. 

Әселхан Қалыбекова белгілі халық ақыны Ергөбек Құттыбайұлының ұрпағы.
1966 жылы Көксарай елді мекеніндегі М. Әуезов атындағы орта мектебін бітірген.
1970 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде, аудандық газет редакциясында қызмет етті.
1971-91 жылдары аралығында аудандық ауа райы мекемесінде бақылаушы қызметін атқарған.
1981 – 1982 жылдары суырып салма айтыс ақындарының додасына қатыса бастады.

Әселханның айтыс өнеріне қосқан үлгі-өнегесі мол. Ақын апа айтыс әлемінде алып самұрыққа ұқсайтын, қанатымен дауыл тұрғызып, екпінімен найзағай ойнататын, елінің ең сүйікті перзентіне айналған. Республикамызға танымал белгілі ақындардың бәрімен кездесіп, аймақтық, республикалық, халықаралық көптеген дүбірлі айтыстарда намысты қолдан бермеген, от ауызды орақ тілді, арқалы ақын.

Қазақ КСРнің Халық ақыны (1990). Қазақстан жазушылар одағының Жамбыл атындағы халықаралық сыйлығының тұңғыш лауреаты (1989). Отырар ауданының Құрметті азаматы.

BAQ.KZ ұжымы Әселхан Қалыбекованың жақындарына қайғырып, көңіл айтады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы