Айтылып жатқан сын пікірлер орынды деп есептеймін – депутат
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы депутат Мұрат Бақтиярұлы әлеуметтік желіде жазды.
Әлеуметтік желілерде Үкімет пен Парламентті сынауда құлақ естіп, көз көрмеген неше түрлі ғайбат сөздер мен қарғыстардан көз сүрінеді. Сөз жоқ, әрбір қоғамның саяси мәдениеті болады. Мәдениетті қалыптастыру тек мемлекеттің ғана емес, барлық тұлға қалыптастырушы институттардың ( балабақша, мектеп, ЖОО , ұжымдар,отбасы т. б. ) міндеті . Саясатта дәлелденген аксиома бар, ол қоғамның ең басты көрсеткіші —халықтың барлық топтарын қанағаттандыратын әлеуметтік әділеттілік жасай алған қоғамның саяси мәдениеті де жоғары болатындығы. Толассыз сыни пікірлер мен билікті айыптаушылардың көбеюі, қоғамның материалдық және рухани тұрғыда жіктеле түсуі, біз құрған қоғамның әділеттіліктен әлі алыс екенін көрсетеді. Әсіресе мемлекет құрушы Ұлттың ғасырлар бойы отаршылар тарапынан аяққа тапталып келген тілі, рухы , діні күнкөрісі тәуелсіздік алғаннан кейін қалпына келеді деген сенімдеріне селкеу түсті. Соңғы отыз жылға жуық қоғамның барлық саласын өзгертуге жасалған үздіксіз реформалар қалың бұқараның үмітін ақтай алды ма? Әлде оның жемісін бүгінгі қоғамдық пікірде көп айтылып жүргендей, қолы ұзын азғантай топ қана көрді ме? Жалпақ әлеуметтің қолы неге жетпеді? Тұрмыс тапшылығын тартып отырғандардың көңілдерін қалай көншітеміз? Бұл барлығымызды толғантып жүрген әлеуметтік аңсарлар, – деп жазды депутат.Сондай-ақ, ол Президентіміз үнемі айтып жүрген әділетті қоғам құрудағы Үкімет пен Парламенттің моральдік, тарихи және құқықтық жауапкершілігі өте жоғары екенін айтты.
Сондықтан да атымызға айтылып жатқан сын пікірлер орынды деп есептеймін. Бірақ бүкіл Парламентке лағнет айту, жеке бастың ар- намысына тиіп, оны қарғыс сөздермен балағаттау шектен шығушылық , мәдениетсіздік деп білемін. Парламентте де, Үкіметте де мемлекетшіл, өз қызметін адал атқарып жүрген ары таза азаматтар баршылық. Қандай лауазым иесіне болмасын, оның жеке арына тіл тигізбей, орынды жерде сын айту, жіберген кемшіліктерді сынай отырып, оны түзетудің баламалық жолдарын көрсету арқылы пікір білдіру мәдениеті түбі қалыптасар. Барымызды бағалап, жоғымызды өркениетті жолмен іздеп таба білейік, – деп жазды Мұрат Бақтиярұлы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Карантин. Алматыда той өткізгендер анықталды
Келесі жаңалық
ТЖМ қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады
Өзгелердің жаңалығы