Айтуға мәжбүрмін. Депутат жерді сату мен жалға беруге қатысты мәселе қозғады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айбек Паяев Үкімет басшысының атына  1 мамырға дейін жаңа Жер кодексін қабылдау туралы сауал жолдады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған жолдауында: «Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс» деп нақтылап айтты. Өзіңіз білетіндей, Ұлттық экономика министрлігі бастамашы болған Жер кодексіне  Қазақстан азаматтарына ауылшаруашылық жерлерін сату, сондай-ақ Қытайдан келген қандастарымызға жерді жалдау мерзімін 25 жылға дейін ұзарту бойынша өзгертулер енгізілген болатын. Бұл түзетулер тұрғындарға түсіндіріліп, жаңа заң 2016 жылдың  1 шілдесінен бастап күшіне енуі керек еді,- дейді Айбек Паяев.

Ол осы ретте 2016 жылы уәкілетті органдардың заң нормаларын халыққа дұрыс түсіндірмеу себебінен, қоғамда пікірталас туып, қазақстандықтар ауылшаруашылық  жерлерді сатып алуға мәжбүр, ал шетелдіктер жерді иемденіп алуы мүмкін деген оймен  наразылық акциялары өтті деп санайды.

Нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін қазақстандықтарға жеке меншікке беруге және оларды  шетелдіктерге жалдауға беру нормаларын қолдануға мораторий жарияланған болатын. Осы мораторий қоғамдағы шиеленісті тоқтатуға мүмкіндік берсе, Үкіметке қоғаммен бірлесе отырып, Жер кодексінің нормаларын егжей-тегжейлі әзірлеп, дайындауға уақыт берді. Мораторийдің аяқталуына бір жылдан аз уақыт қалғанын, Үкімет тарапынан Жер кодексінің проблемалық мәселелерін шешу мақсатында тиімді жұмыстар атқарылмай жатқанынын айтуға мәжбүрмін,- дейді депутат.

Ол Үкімет басшысына Ауыл шаруашылығы министрлігіне  аталған бағытқа  қоғамды міндетті түрде тарта отырып және ұсынылатын түзетулерді жариялы түрде талқылап, жұмысты жеделдетуді тапсыруды сұрады.

Сонымен қатар, Президент тапсырмасын орындау үшін аталған  өзекті  мәселені оңтайлы шешу мақсатында 1 мамырына дейін тез арада Жер туралы заңды қабылдауымыз керек,- дейді Айбек Паяев.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы