Әйтенов бір ай уақыт беруді сұрады
Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде көз жұмған марқұмдардың туыстары қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездесуге барып, талаптарын айтты, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Олардың талабы – баспана мен әлеуметтік көмек алу мәселесін шешу болып отыр.
Бүгін Шымкенттің Көрме орталығында қала әкімі Мұрат Әйтеновтың қала тұрғындарын бірыңғай қабылдау күні өтті. Бұл – ай сайын өткізілетін дәстүрлі шара. Сол жерге Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп, қаза тапқандардың 20 шақты туысы барды.
Әкімдік қызметкерлері оларды Көрме орталығының жанындағы Түркістан сарайына шақырып, әкім сол жерде кездесетінін айтты. Жұртшылық Түркістан сарайының үлкен залына барып, әкімнің келуін күтті. Алайда әкім Мұрат Әйтеновтың орнына Шымкент қаласы прокуратурасы, Полиция департаменті мен қала әкімінің орынбасары бастаған топ келді.
Марқұмдардың жақындары оларға талабын айтып, сосын әкіммен кездесу үшін қайта Көрме орталығына барып, үлкен залда әкіммен кездесуді талап етті. Әкіммен кездесу Көрме орталығының жалпы залында емес, екінші қабаттағы кіші залда өтті.
Кездесуде марқұмдардың жақындары сөз алып, бірнеше талабын жеткізді.
Жағдайымызды айтып, Астанаға бардық. О жақтағылар: “жергілікті мәселені әкімдік шешеді” деп қайтарды. Біздің үш талабымыз бар. Біріншісі, баспана мәселесі. Осы Қаңтар оқиғасында біреудің баласы, біреудің күйеуі қаза тапты. Үй-жайы жоқ, пәтер жалдап жүргендер бар. Екінші талап, Қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың отбасына 5 млн теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек беріңіздер. Алматы мен Алматы облысында беріп жатыр. Бәріміз де жәбірленуші деп танылғанбыз. Үшіншіден, осы асыраушысынан айырылған, баласынан айырылған отбасылардың несиесін жауып беріңіздер, – деді туыстар атынан сөйлеген Оралбай Шойбеков.
Оның баласы Мейрамбек Шойбековке Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп, қаза тапқан.
Қаңтар оқиғасында жақынынан айырылып, қан жұтып отырған отбасылардың уәжін тыңдаған әкім М.Әйтенов 1 ай уақыт беруін сұрады.
Маған бір ай уақыт беріңіздер. Қазір өтініш жазыңыздар. Біз барлық өтінішті қарап, Шымкент қаласының тұрғыны болып табылатын кісілердің баспана мен бір реттік әлеуметтік көмек алу мәселесін заң шеңберінде шешуге тырысамыз, – деді әкім.
Ресми дерек бойынша, Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде 20 адам қаза болған.