Айсина жұмыссыз әйелдер қай өңірде басым екенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ауыл әйелдері форумын ұйымдастырушылар комитетінің төрайымы Майра Айсина Қазақстанның батыс облыстарының өңірлік форумында айтты.

Қазіргі таңда Жаңа Қазақстанда болып жатқан саяси реформалардың басты бағыты әділетті қоғам орнату және халықтың әл-ауқатын арттыруға жағдай жасау болса, біздің форум бұл мәселелерді күн тәртібіне қойып, жүйелі жүргізіп келе жатқанына биыл бес жыл толыпты. Иә, 2018 жылы бастау алған ауыл әйелдерінің форумы аясында сіз бен біз бүгін бесінші рет кездесіп отырмыз. Осы бес жыл ішінде аяғымыз жеткен мінберлерден ауыл әйелдерінің дамуына жағдай жасау Қазақстанның тең жартысының, яғни 40 пайыздан аса ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға жол ашады деп аузымыз жеткенше айтып келеміз. Жыл сайын 14 облыстық форумдарға Қазақстанның 163 ауданынан 2 100-ге жуық ауыл әйелдері қатысты. Бес жыл ішінде ауыл әйелдерінің форумы ортақ мақсат, ортақ мұңы бар үлкен қауымдастыққа айналды, мемлекет тарапынан әйелдерге арналған жаңа қолдау тетіктерінің пайда болуына өз септігін тигізді, - деді ол. 

Айсина атағандай, өткен екі жылда әлемдік пандемия Форум барысында талқыланып жүрген тақырыптардың өзектілігін арттырып, маңыздылығын еселей түсті. 

Әсіресе, осы форумдар аясында тілге тиек боп жүрген ауыл шаруашылығын дамыту, ауылдық жерлерді тұрақты дамыту, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және өзін-өзі жұмыспен қамту мәселелері күн тәртібінің төріне шықты. Коалиция бастамасымен іске қосылған, халық арасында кеңінен қолдау тапқан «Ауыл өнімі» жобасы ауыл тұрғындарын коронавирустік дағдарысқа қарамастан ауылдық жерде өнім өндіріп, табыс табуға жетеледі.Жасыл экономиканы қолдау коалициясы сарапшыларының сараптамасына сүйенсек, батыс өңірде бүгінде 653 мыңға жуық ауыл әйелі бар екен, соның 372 мыңға жуығы бір ғана Маңғыстау облысында тұрады екен. Республика бойынша жұмыссыздық деңгейі 5% межені көрсетсе, батыс өңіріндегі, яғни төрт облыстың орташа жұмыссыздық деңгейі 5.8% құрап отыр.  Ең жоғарғы көрсеткіш Маңғыстау өңірінде жұмыссыздық деңгейі 8%-ды көрсетіп отыр, - деді ол. 

Айсина атағандай, мұның Маңғыстауда ауыл әйелдерінің саны көп болуымен тікелей байланысты екенін түсіну керек.

Бүгін біз осы жұмыссыздық мәселесін, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, ауылдағы қыз-келіншектердің дамуы, өз кәсібін бастауы, кәсіп бастап кеткендерін қолдау сияқты өзекті мәселелерді жан-жақты ашық талқылаймыз, - деді ол. 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы