Айнұр Олжабаева: «Бәрін қайта бастауға қорыққан емеспін»
Өмірде жаңа бастама жасау батылдықты талап етеді. Айнұр Олжабаева үшін әрбір таңдау – әділдікке адалдықтың, отбасыға деген жауапкершіліктің және үздіксіз дамуға ұмтылыстың көрінісі. Сұхбатта ол өмірлік ұстанымдары, кәсіби жолы мен құндылықтары туралы бөлісті.
Айнұр Олжабаева бала кезінен форма киюді армандады, тәртіп пен білімді жоғары бағалайтын отбасында өсті. Өзі тұрмыс құрып, балалы болған соң өз отбасын, балаларын және үздіксіз дамуды бірінші орынға қойды. Бүгін біз өмірлік тәжірибесі мен ұстанымдары көптеген жас қыздарға үлгі бола алатын Айнұр Олжабаевамен сұхбаттасамыз.
– Айнұр Нұрланқызы, бүгінде көптеген қызға үлгісіз. Жұмысы мен отбасын қатар алып жүрген әскери формадағы әйелді көргенде көпшілік тамсанатыны жасырын емес. Сол себепті сізбен жақынырақ танысып, сұхбаттасуды жөн көрдік. Өзіңіз туралы айтып берсеңіз.
– Мен 1985 жылғы 24 қарашада Орал қаласында дүниеге келдім. Мен туылғанда ата-анам жас, студент болған. Сондықтан ата-анам оқуын аяқтап, еңбек жолына түсіп, құралып кеткенше мен ата-әжемнің тәрбиесінде болдым. Қазір ойласам, бұл тағдырдың маған берген үлкен сыйы екен. Себебі ата-әженің махаббатын көріп, мейіріміне бөленіп өсу де – бақыт. Әжемнің тәрбиесін көрген соң ол туралы да айтып кеткенім жөн болар. Әжем хатшы болып жұмыс істеді. Ол өте жинақы, жауапкершілігі жоғары адам еді. Маған ұқыптылықты, адамдарды құрметтеуді және сөзге берік болуды үйретті. Ал атам музыка мектебінің директоры болды. Ол да білімді, зиялы, дүниетанымы кең жан еді. Мен одан білімге деген құштарлық пен өзін-өзі үнемі дамыту керек жақсы қасиеттерді үйрендім.
Олар маған мықтылықты сөзбен емес, өздерінің өмірімен қандай адам болу керегін көрсетті: адал, еңбекқор, парасаттылықты үйретті. Бүгінгі өмірлік қағидаларымның көпшілігі дәл сол кісілердің тәрбиесі арқылы қалыптасты.
– Бала Айнұр қандай еді?
– Бала күнімде салмақты, сабырлы болдым. Отбасындағы төрт баланың үлкенімін, сондықтан жауапкершілік сезімі ерте қалыптасты. Үлкен бала болған соң, өзіңнен кейінгілерге үлгі боласың. Олар саған қарайды, сенің іс-әрекетіңді қайталайды. Сол кездің өзінде-ақ әр қадамымның маңызы бар екенін түсіндім.
Мектепте жақсы оқыдым, үздік оқушылардың қатарында болдым. Олимпиадаларға, мектеп шараларына және түрлі үйірмелерге белсенді қатыстым. Жаңа нәрсе үйренгенді ұнататынмын. Әсіресе тарих, орыс тілі және физика пәндері қызықтыратын.
Тарих түрлі оқиғалардың себебі мен салдарын түсінуді үйретті, орыс тілі ойлау қабілетімді және сөйлеу мәдениетімді дамытты, ал физика әлемнің қаншалықты үйлесімді әрі логикалық тұрғыдан ерекше құрылғанын көрсетті.
– Мектепте оқып жүргенде нақты армандарыңыз болды ма? Оқушы Айнұр қандай арманмен есейді?
– Бір қызығы, менің арманым өте нақты болды – құқық қорғау органдарында қызмет еткім келді. Әрине, бұл таңдауыма осы салада қызмет еткен әкемнің ықпалы болды. Бірақ тек ол ғана емес. Мені әрдайым әділдік, тәртіп және жауапкершілік ұғымдары қызықтырды. Адамдарға қандай да бір пайдам тисе ғой деген ой үнемі болатын. Сол себепті өзгелерді заң аясында қорғап, оларға көмектесе алатын маман болғым келді. Сонда адамдарға көмектесуді миссиям деп қабылдайтынмын. Сол кездің өзінде кез келген маңызды мамандықтың негізінде мансап емес, қоғамға қызмет ету тұратынын түсінген шығармын.
– Сізді дисциплинаны, яғни тәртіпті жоғары қоятын адам деп танимыз. Үнемі дисциплина сақтау қаталдыққа әкеп соқпай ма?
– Иә, дисциплинам өте жоғары деңгейде. Тәртіп сақтағанды жақсы көремін. Бірақ мен мұны қаталдық емес, жауапкершілік деп атар едім. Алдыма мақсат қойсам, оны соңына дейін жеткізуге тырысатынмын. Көбіне өмірде жетістікке жеткізетін де, мақсатқа жеткізетін де осы дисциплина. Дисциплинаны әлі күнге дейін ұстанамын. Сонымен қатар жас ұлғайған сайын бір маңызды нәрсені түсіндім: тәртіп адамның өмірден ләззат алуына кедергі болмауы керек. Жинақы, мақсатшыл бола отырып, сонымен бірге ашық, мейірімді әрі позитивті адам болып қалуға болады. Мен үшін дисциплина шектеу емес, керісінше еркіндік. Тәртіп болса, ойың шашыраңқы болмайды. Нақты мақсатыңа жететін нақты қадамдарың белгілі болады. Өзіңді басқару да оңай, мақсатыңа жету де әлдеқайда жеңіл болады.
– Сонда мектептен кейін бірден заң саласын таңдадыңыз ба?
– Иә, бұл саналы шешім болды. Ақтөбедегі Қазақ гуманитарлық-заң университетіне оқуға түстім. Бұл менің өмірімдегі өте қызықты кезеңдердің бірі еді. Мен жаңа қалаға, жаңа ортаға келдім. Әртүрлі көзқарастағы, түрлі мінезді адамдармен таныстым. Оқу маған тек кәсіби білім ғана емес, өмірлік тәжірибе де берді. Маған құқықтық жүйенің қалай жұмыс істейтінін, заңдардың қалай қабылданатынын, шешімдердің қалай шығарылатынын түсіну ұнайтын. Мамандықтың қыр-сырын тереңірек меңгерген сайын, өз орнымды дұрыс таңдағаныма көзім жете түсті.
– Университеттен кейін еңбек жолыңыз қалай басталды?
– Мен оқумен қатар жұмыс істей бастадым. Әрқашан өз бетімше өмір сүруге ұмтылдым. Жауапкершіліктен қашпадым және өмірлік тәжірибені тек университет аудиториясынан алу мүмкін емес екенін түсіндім.
Әскери комиссариатта жұмыс істедім, кейін зертханашы болдым, сотта тәжірибеден өттім. Мұның бәрі мамандықты ішінен көруге мүмкіндік берді және кез келген еңбекті бағалауды үйретті. Сол кезде қарапайым бір шындықты түсіндім: табыс үлкен жетістіктерден емес, адамның күн сайын өзімен жұмыс істеуінен құралады.
– Ал бүгінде сіз үшін ең маңыздысы не?
– Әрине, отбасы. Жас ұлғайған сайын көптеген нәрсеге басқаша қарай бастайды екенсің. Мансап маңызды, жетістіктер маңызды, кәсіби тұрғыдан өмірден өз орныңды тауып, мықты маман болу маңызды. Бірақ жақын адамдарыңмен өткізген уақытты қайтара алмайсың.
Балалар есейген сайын олардың ата-анасына қаншалықты мұқтаж екенін тереңірек түсінесің. Тек қасында физикалық тұрғыдан болу жеткіліксіз, олардың өміріне шынайы араласу керек.
Бүгінде балаларыммен әңгімелесудің өзі үлкен қуаныш сыйлайды. Олардың нені армандайтынын, нені уайымдайтынын білгім келеді. Ана болу – мен үшін өмірдегі ең маңызды әрі ең қадірлі рөлдердің бірі.
– Сіз әрдайым позитив болып қалатын адам сияқты әсер қалдырасыз. Өмірге деген мұндай көзқарас қайдан қалыптасты?
– Бәлкім, мен басқалар тек қиындық көретін жерден мүмкіндік іздеуге тырысатын шығармын. Әрине, кез келген адам сияқты менің өмірімде де күрделі кезеңдер болды. Бірақ әр жолы қандай қиындық болса да, оның уақытша екенін түсіндім. Мен шағымдануды немесе кінәліні іздеуді ұнатпаймын. Оның орнына өзіме: «Бұл жағдайда мен не істей аламын?» деген сұрақ қойғанды жөн көремін. Меніңше, оптимизм – аңғалдық емес. Ол – алға қарап, кез келген жағдайды жақсы жаққа өзгертуге болатынына сену. Сондай саналы таңдау.
– Қызмет пен отбасын қатар алып жүрудің сыры неде?
– Өмірде барлық нәрсеге баланс керек. Тура солай мен отбасым мен жұмысымның арасындағы балансты сақтай алдым. Сондықтан екеуіне де үлгеремін. Уақытты тиімді пайдаланамын. Керісінше, бос уақыт болса, жеке өзімді дамытуға арнаймын. Жаңа мүмкіндіктерді зерттеймін, үнемі ізденіс үстіндемін. Әлемді көбірек таныған сайын, алда қаншама қызықты дүниенің күтіп тұрғанын тереңірек түсінесің.
– Алға жылжуға және тоқтап қалмауға не көмектеседі?
– Мінезім. Мен ең алдымен өз күшіме сенуге үйренгенмін. Мінсіз сәтті күтпей, әрекет етуді жөн көремін.
Сонымен қатар мені балаларым шабыттандырады. Олар да үнемі өсіп, өзгеріп, әлемді танып келеді. Мен оларға үлгі болғым келеді. Оқу, даму университет аяқталған соң тоқтап қалмайтынын түсіндіргім келеді. Сол себепті де өзімнің дамуымды тоқтатпаймын. Себебі адам өмір сүруге қызығушылығын жоғалтпаған кезде ғана шынайы өмір сүреді. Сондықтан мен өз алдыма жаңа мақсаттар қойып, жаңа нәрселерді үйренуге, жаңа тәжірибелерді сынап көруге және өзгерістерден қорықпауға тырысамын.
– Өзіңіздің басты өмірлік ұстанымыңыз деп нені айтар едіңіз?
– Дамуды ешқашан тоқтатпау және қандай жағдайда да адам болып қалу. Қаланы да, елді де, мамандықты да өзгертуге болады. Жаңа жобаларды бастап, жаңа білім алуға болады. Бірақ ешқашан өзгермеуі тиіс құндылықтар бар. Олар – адалдық, адамдарға деген құрмет, өз әрекеттерің үшін жауапкершілік және отбасыңа деген сүйіспеншілік. Мен әр адамның өз өмірін өзі қалыптастыра алатынына сенемін. Ең бастысы – оқудан қорықпау, өзіңмен жұмыс істеу және өмір жолындағы әрбір жаңа кезеңді ризашылықпен қабылдай білу.
– Әңгімеңізге рақмет! Сәттілік тілейміз!