31 Шілде 2026, 18:55 Фото: Астана Халықаралық университеті

«Айналайын» сөзі ұнады: Шетелдік жастар қазақ тілін қалай үйреніп жүр?

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттер қазақ тіліндегі алғашқы сөздерін үйреніп, «айналайын» сөзінің мағынасына тәнті болды.

Астанада өткен халықаралық жазғы мектеп аясында әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттер қазақ тілін үйреніп, ұлттық мәдениетпен танысты. Қатысушылардың айтуынша, олардың есінде ерекше қалған сөз – «айналайын». BAQ.KZ тілшісі шетелдік жастардың қазақ мәдениетіне қатысты пікірін білді.

Астана халықаралық диалог пен жастар ынтымақтастығының маңызды алаңына айналып келеді. Бұл жолы елордада «AIU 2026 - In the Heart of the Capital» халықаралық жазғы мектебі өтіп, оған әлемнің бірнеше елінен келген студенттер мен оқытушылар қатысты. Он күнге созылған бағдарлама білім беру, мәдениет және тіл үйрету бағыттарын қамтып, шетелдік жастарға Қазақстанды жақынырақ тануға мүмкіндік берді.

Жобаны Астана халықаралық университеті (AIU) мен Қытайдың Халықаралық бизнес және экономика университеті жанындағы Қазақстан-Қытай экономика және сауда институты ұйымдастырды.

Әлемнің бірнеше елінен келген жастар Астанада бас қосты

Биылғы жазғы мектепке Қазақстан, Қытай, Вьетнам, Ресей, Германия, Италия, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Камбоджа, Непал және басқа да мемлекеттердің жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Бағдарлама барысында қатысушылар жасанды интеллект, цифрлық даму, мәдениетаралық коммуникация тақырыптарында дәрістер тыңдап, елорданың тарихи және мәдени орындарын аралады. Сонымен бірге ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақтың салт-дәстүрімен жақынырақ танысты.

Қазақ тілі сабағы шашумен басталды

Жазғы мектептің ең қызықты бөлімдерінің бірі – қазақ тілі мен мәдениетіне арналған практикалық курс болды. Сабақты Астана халықаралық университетінің аға оқытушысы, PhD Әлия Данияр жүргізді.

Алғашқы сабақ қазақтың ежелгі дәстүрлерінің бірі – шашу рәсімімен басталды. Ұйымдастырушылар шетелдік студенттерге бұл дәстүрдің мәнін қазақ және ағылшын тілдерінде түсіндіріп, кейін Қазақстанның мемлекеттік рәміздері, ұлттық құндылықтары мен мәдениеті туралы арнайы таныстырылым өткізді.

Қазақ тілін меңгеруді жеңілдету үшін барлық тапсырма мен диалог латын графикасында ұсынылды. Сабақ барысында студенттер қазақ әліпбиімен, төл дыбыстармен және еліміздегі латын графикасына көшу үдерісімен танысты.

Сонымен қатар қатысушылар қазақша амандасу үлгілерін үйреніп, топтық ойындарға қатысты. Олар дүкенде, дәмханада немесе күнделікті өмірде кездесетін жағдаяттарды қазақ тілінде сахналап, алғашқы диалогтарын құрды.

«Айналайын» бәрінен ерекше әсер қалдырды

Курстың екінші сабағы алған білімді бекітуге арналды. Бұл жолы студенттер өздерін қазақ тілінде таныстырып, күнделікті қарым-қатынаста жиі қолданылатын сөздер мен тіркестерді қайталады.

Алайда олардың ерекше қызығушылығын қазақ тіліндегі эмоциялық реңкі терең сөздер тудырды.

Оқытушы қатысушыларға «айналайын», «ойбай», «мә», «ау» сияқты басқа тілдерде дәл баламасы жоқ сөздердің мағынасын түсіндірді. Студенттер бұл сөздердің қазақ халқының тұрмысында, үлкен мен кіші арасындағы қарым-қатынаста қалай қолданылатынын қызығушылықпен тыңдады.

Сабақ барысында сөз құрастыру, суреттерді сәйкестендіру ойындары ұйымдастырылып, білімді бекіту үшін Kahoot платформасында интерактивті викторина өткізілді.

«Айналайын» сөзінің мағынасы өте жылы екен»

Қытайлық студент Ли Вейдің айтуынша, қазақ тіліндегі ең ұнаған сөз – «айналайын».

Маған сабақтар өте қатты ұнады. Қазақ тілінің латын графикасында берілуі бізге оқуды жеңілдетті. Сабақта дүкенде қалай сөйлесу керектігін үйрендік. Маған әсіресе "айналайын" деген сөз ұнады, оның мағынасы өте жылы екен. Өзіміз де қазақша сөйлеуге тырыстық. Сыйға тартылған тақияны Қытайға мақтанышпен алып кетемін, – дейді ол.

Италиядан келген студент Франческа қазақ тілін мүлде жаңа әлемге теңеді.

Қазақ тілі мен үшін мүлдем жаңа әлем болды. Алғашында төл дыбыстарды айту қиын көрінді. Бірақ Әлия ұстаз бізге өте қызықты әдіспен үйретті. Kahoot ойыны арқылы жаңа сөздерді тез жаттап алдық. Қазақтың құрт деген ұлттық тағамының дәмі де ерекше екен. Қазақстанға міндетті түрде тағы келемін, – дейді студент.

Ал Беларусьтен келген Игорь қазақ халқының қонақжайлығына тәнті болғанын жасырмады.

Бізді қарсы алғанда шашылған шашудың өзінен бұл халықтың қаншалықты қонақжай екенін түсіндім. Сабақтар өте қызықты өтті. Енді тек амандасып қана қоймай, өзімді қазақша таныстыра аламын. Астана жүрегімде ерекше орын алды, – дейді ол.

Тағы бір қатысушы Шерен Мелодия Эман алғашында қазақ тілін үйрену қиын болғанын, алайда кейін ұзақ сөздерді де айтуға машықтанғанын айтты.

Бұл – қазақ тілі сабағына екінші рет қатысуым. Басында өте қиын болды. Бірақ сабақ барысында "қанағаттандырылмағандықтарыңыздан" сияқты ұзын сөзді де айтуды үйрендім. Қазақ тілі өте терең әрі бай екен. Аздап қиын болса да, оны әрі қарай үйренгім келеді. Мен бұл тілді жақсы көремін, – дейді ол.

Тақия, құрт және естелік сыйлықтар

Курс соңында ұйымдастырушылар барлық қатысушыға қазақтың ұлттық бас киімі – тақия, сондай-ақ құрт пен естелік сыйлықтар табыстады.

Шетелдік жастар қазақ халқына деген құрметтің белгісі саналатын тақияны қуана киіп, естелік суретке түсті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай халықаралық жобалар қазақ тілін шетелдік жастар арасында дәріптеумен қатар, мәдениеттер арасындағы байланысты нығайтып, жастар дипломатиясын дамытуға ықпал етеді.

Соңғы жылдары Қазақстан халықаралық білім беру және мәдени алмасу бағытындағы бастамаларды белсенді жүзеге асырып келеді. Осындай жобалар арқылы Астана түрлі елдердің жастарын біріктіретін, өзара түсіністік пен достықты нығайтатын маңызды халықаралық алаңға айналып отыр.