Айнагүл Сарайқызы «Моңғол еліне еңбегі сіңген заңгер» атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Моңғолия Президентінің 2021 жылы 4 маусымдағы №153 Жарлығымен Айнагүл Сарайқызы «Моңғол еліне еңбегі сіңген заңгер» атағын алды. Бұл туралы ақпаратты Айнагүл Сарайқызының отбасына жақын дереккөз растады. 

Айнагүл Сарайқызы 1979-1985 жылдары Мәскеудегі М.В.Ломоносов атындағы Мемлекеттік Университетті заңгер мамандығымен оқып бітірген азғана қазақтың бірі.

Ол соңғы жылдары аз ұлттар мүддесінің жүзеге асуы, оны қорғау бағытында ғылыми-зерттеу жұмысына кірісіп, Моңғолиядағы және халықаралық құрылтай, кеңес, теориялық-практикалық конференцияларға қатысып, аталған тақырыпта баяндама жасап жүр. Аз ұлттар құқығы туралы ұғым, заң нұсқауларды жаңалаудағы кейбір мәселелерді аз ұлттар еркін қорғауға бағыттау тақырыбындағы 20-дaй мақаласы заң, құқық бағытындағы журналдарда жарық көрді. 

Айнагүл Сарайқызы 1982-1983 жылдары Марксизм-Ленинизм жоғарғы мектебін оқыған.

1995 жылы Моңғолия Басқару академиясында мамандығын жоғарлатқан.

Заң саласының магистрі дәрежелі, Моңғолдың Ұлттық университетінің докторанты бүгінгі таңда Моңғолиядағы аз қазақтың құқығы жөнінде ғылыми жұмыс үстінде.

Сондай-ақ Айнагүл Сарайқызы Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласының Баянзүрх аудандық Атқару әкімшілігінде қатардағы маман, Ұланбатыр қаласының Іс басқару орнында Заң бөлімінің аға маманы, бастығы қатарлы жауапты қызметтер атқарды. 

«Астана Ұланбатыр туралы заң» қатарлы 50-ден астам заң жобасына өз пікірін қосты. 

2000-2003 жылдары Моңғолиядағы «Адам құқығын қамтамасыз етудің ұлттық бағдарламасын жасау» жобасына жетекшілік етіп, 2002-2006 және одан кейінгі жылдарда адам құқығын қорғау тұрғысында іске асырылатын шаралар туралы жоспар жасап, оны жүзеге асыруға белсене атсалысты.

Ұланбатыр қаласы Әкімі Іс басқару орнының бастамасымен 2000-2012 жылдары «Темекінің зияны туралы» және «Алкоголизммен күресу туралы» заңдарды халыққа таныстыру жөнінде жұмыс тобын құрып, үкіметтік, ҮЕҰ бірлесіп жұмыстағаны сол кездің нәтижелі жұмыстың бірі болды.

Сонымен қатар қандасымыз Моңғолияның мемлекеттік 200-дей заң жинағын түсіндірмесімен қоса бастырып, оқырманға ұсынды.

Оның Ұланбатыр қаласы әкімдігінің заң насихаттау бөлімін насихат орталығына айналдырып, мемлекеттік заң нұсқаулардың анықтамалық жинағын шығарып, халыққа жеткізуі аса маңызды іс болды. 

Ол заңгерлермен бірлесіп, Моңғолияның 12 заңын және халықаралық ұйымдардан жүргізілген 2 зерттеу жұмысы қорытындысын қазақ тіліне аударды. «Жендерлік құқықты қанымдау туралы» заңды қазақ тіліне аударып, жеке жинақ болдырып, көпшілік қауымның игілігіне ұсынды. Сонымен қатар 2020 жылы Негізгі заңға кірген өзгерістерді тіл маманымен бірлесіп қазақ тіліне аударды.

Осылайша іс-қызметімен, білімділігі, жауаптылығымен халыққа танылып, 30 жыл үздіксіз әкімшілік қызмет атқарды. 

Айнагүл Сарайқызы өз мамандығы бойынша жарыққа шыққан жинақтарынан бөлек, ХХ ғасырдағы Моңғолияның ірі мемлекет қайраткерлерінің бірі - әкесі Сарай Асқанбайұлы туралы 2 кітап және қазақ тіліндегі мезгілдік басылым «Ару жұлдыздар» журналының 60 нөмерін жарыққа шығарды. Қазақ әйелдерінің Арулар одағы, «Ару жұлдыздар» журналының орнауының 5, 10, 15 жылдығына орай одақтың іс-қызметі жайлы деректі фильм жасады. Моңғол елінің өркениетіне өзіндік үлес қосқан, есімдері ел тарихында қалған аналар мен әр саланың алғашқы қарлығаштары жайлы мәліметтер жинап, 2010 жылы «Қазақтың маңдай алды арулары" атты жинақ кітабын көпшілікке ұсынды. Бұл еңбекке 1930-2010 жылдар аралығында Моңғолияның әр түкпірінде жемісті еңбек еткен 100-ге жуық қазақ аналары жайлы мәліметтер қамтылды.

Мамандығы бойынша АҚШ, Корея, Ұлы Британия, батыс Ирландия, Ресей, Қытай, Қазақстан сияқты елдерде семинар, құрылтайларға қатысты.

Бұдан бөлек ел көлемінде және халықаралық дәрежедегі әулеуметтік шараларға үнемі қатысып, белсенділік танытып келеді. Атап айтар болсақ:

2000-2004 жылдары Моңғолия Президентінің жарлығымен Моңғолия сотының Тәртіп бөлімінің мүшесі қызметін атқарып, сот ұйымының өркендеуіне өз үлесін қосты.
2000-2004 жылдары Баянзүрх аудандық Азаматтар Өкілдері Құрылтайына өкілдікке сайланып, әкімшілік бекіткен экономикалық, әлеуметтік түрлі мәселелерді шешуге атсалысты.

2002-2006 жылдары ұланбатырлық Социол-демократиялық әйелдер ұйымының төрайымы міндетін атқарып, әйелдердің қоғамдық белсенділігін арттыру бағытында ұйымдастырылған істерге белсене қатысты.

2003 жылы Ұланбатыр қаласында құрылған «Адам адам үшін» (РТР) атты халықаралық ұйымға мүше болып, басқа мекелермен бірге ұланбатырлық Еңбекпен тәрбиелеу мектебінің балаларына қажетті көмек көрсетті.
2010 жылдан бері Моңғолияның Адам Құқығы Ұлттық комиссиясы жанындағы ҮЕҰ өкілдерінен құрылған комиссияның мүшелігіне үш рет сайланып, аз ұлттардың құқықтық мәселелері жайлы зерттеу жасау, талқылау, тиісті органдарға жеткізу қатарлы мәселелерге белсене қатысып келеді. 

2006 жылдан бастап қазақтың тілін, мәдениетін сақтау, қазақ әйелдерінің құқығын қорғау, олардың қоғамдық белсенділігін арттыру мақсатымен қазақ әйелдерінің «Арулар» одағын құрып, осы одақтың төрайымына сайланып, қызметтен тыс уақытында көптеген іс-шара ұйымдастыруда.

Гендерлік құқықты қанымдау бағытындағы Ұлттық бейресми ұйым «Монфемнет» жүйесі және мемлекет көлемінде іс-қызмет жүргізетін «Жанұядағы зоракерлікпен күресу» ұйымының басқарма мүшесі, әрі Моңғолия Әйелдер одағының белсенді мүшесі ретінде көптеген жиындарға қатысып, өз пікірін білдіріп жүр. «Монфемнет» ұйымынан жыл сайын Аналар мерекесіне орай жүрілетін «Әйелдер көзімен...» атты дәстүрлі мәжіліске белсене қатысып келеді.

Айнагүл Сарайқызының тынымсыз еңбегін, елге, мемлекетке, ұлтқа деген қызметін Моңғолия үкіметі де атаусыз қалдырған жоқ.

Моңғолия Президентінің жарлығымен «Еңбек Қызыл Ту», «Алтын жұлдыз» ордендерімен, «Еңбек құрмет белгісі», Шыңғыс ханның 800 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталған. 

Одан бөлек:

Заң, Білім беру, Мемлекет, Әлеуметтік қамсыздандыру салаларының үздігі;
Моңғолия және Қазақстан елінің Баспасөз, ақпарат салаларының үздігі;
Ұланбатыр қаласының үздік қызметкері;
Полиция үздігі медалімен, 
Ұланбатыр қаласының, Баянзүрх ауданының Құрметті азаматы;
Моңғолияның сот ұйымының құрмет белгісі медалімен марапатталған.
Әйелдер одағының Құрмет белгісі медалімен марапатталған.

2003, 2010 жылы Мемлекет саласынан шыққан «Үздік әйел», 2011 жылғы «Үздік әлеуметтік қызметкер» сыйлығының иегері.

Мемлекеттік қызметте істеген жылдары төрт рет жыл саңлағы болып, суреті Баянзүрх ауданы, Ұланбатыр қаласының Құрмет тақтасына ілінді. 

Баян-Өлгий аймағының «Дара тұлға-2012» сыйлығымен марапатталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы