Аймақтарға басымдық: Ұлттық комиссия әйелдерді қолдаудың жаңа деңгейін талқылады

Қазақстанда әйелдердің шешім қабылдау процесіне және басқару құрылымдарына қатысуын кеңейтуге бағытталған шаралар күшейтілмек. Ұлттық комиссия өңірлерде, соның ішінде аудандық және ауылдық деңгейлерде де бастамашыл әрі талантты әйелдерді қолдау жұмысын жандандыруда. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі, Ұлттық комиссия төрайымы Айда Балаева Астанада үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Айда Балаеваның айтуынша, мемлекеттік қызмет жүйесінде әйелдердің үлесі 50 пайыздан асады, бірақ олардың көпшілігі орта буын қызметтерінде еңбек етіп жүр.

Қазір біз алдымызға үлкен міндет қойып отырмыз — билік құрылымдарында және бірінші басшы лауазымдарында әйелдердің үлесін арттыру. Өкінішке қарай, мемлекеттік қызметте әйелдердің жартысынан көбі жұмыс істегенімен, олардың басым бөлігі орта деңгейдегі қызметтерде, – деді министр.

Осы мақсатта Ұлттық комиссия Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, департаменттер мен басқармаларды ұзақ жылдар бойы басқарып келе жатқан, жоғары лауазымдарға әлеуеті жететін әйелдердің кәсіби мүмкіндігін зерттеуде.

Біз департамент директорлары ретінде көп жыл еңбек етіп жүрген, жоғары қызметтерге дайын әйелдердің түйіндемелерін қарап, олардың кәсіби тәжірибесін зерделеп жатырмыз. Мұндай әйелдерді қолдау қажет. Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен олардың кәсіби даму жолдарын қарастырып, мансаптық өсуіне жағдай жасауға келістік, – деді Айда Балаева.

Министрдің айтуынша, Ұлттық комиссияның жұмысы енді өңірлерде тереңдей түседі — аудандық және ауылдық деңгейлерге дейін жетіп, жергілікті әйелдерді қоғамдық өмірге тарту және көшбасшылық қабілеттерін дамыту бағытында жұмыс жүргізіледі.

Біздің мақсатымыз — әйелдерді көру, қолдау, олардың арасынан белсенді және таланттысын табу, әрі алға жылжуына мүмкіндік жасау, – деп атап өтті министр.

Айда Балаева сондай-ақ әйел көшбасшылардың жетістіктерін ақпараттық тұрғыда дәріптеудің маңыздылығын айтты. Оның пікірінше, олардың табыс тарихы мен жетістіктері бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көрсетіліп, өзге әйелдерге үлгі болуы тиіс.

Әйелдердің табысқа жету тарихын көрсету — біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі. Біз қоғамда табысты әйелдің оң бейнесін қалыптастырып, олардың мысалдары арқылы жаңа буынды шабыттандыруымыз қажет, – деді ол.

Министрдің айтуынша, Ұлттық комиссияның негізгі міндеті — отбасы институтын нығайту, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету және әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін арттыру.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы