Аймақтарда су проблемасымен айналысатын жас мамандар жетіспейді – зерттеуші
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстандағы ауызсу проблемасы және оны шешу жолдары» тақырыбында өткен конференцияда PhD докторы, су қауіпсіздігін зерттеуші Жания Хайбуллина аймақтардағы ауызсу проблемасын шешуге жастар қалай ықпал ете алатынын айтты.
Оның айтуынша, еліміздегі тұрғындардың 20 пайыздан астамын жастар құрайды және олар аймақтарда тұрады.
Аймақтарда тұратын жастар суға қатысты білімдерінің төмендігінен ондағы проблеманы тиісті деңгейде көтеріп айта алмай жатыр. Мәселен, Арал өңірінде кейбір ауылдар суды тасып ішеді. Су тасушы көліктер құдыққа суды құйып кетеді, соны халық ондаған күн шетінен алып пайдаланады. Ол су бірнеше күн тұрып қалғандықтан оның құрамы бұзылады. Жалпы суды сақтаудың, тазартудың нормалары бар, ол ауылды жерде сақталып жатқан жоқ. Оның арты тұрғындар денсаулығының нашарлауына әкеледі. Мұның барлығы халықтың суға қатысты білімінің жоқтығын көрсетеді,-дейді зерттеуші.
Хайбуллина судың құрамын зерттеп, қандай су адам денсаулығына зиянды екенін айтып отыру үшін жастардың су жөнінде білімі болу керек деп санайды.
Су проблемасын шешу үшін жастарды оқытып, аймақтарда оларды мамандығы бойынша жұмыспен амту керек. Мәселен, Қазсуашар мекемесінің әр облыста кеңсесі бар, сол жерге жастарды жұмысқа тұрғызуға болады. Алайда, жастар су ресурсы мамандығы бойынша оқуға тапсырады, бірақ мамандықтары бойынша жұмыс істегілері келмейді. Өйткені жалақы аз, сондықтан жастардың көбі грантта оқу үшін ғана тапсырады. Оның үстіне көп үлкен қалада қалғылары келеді. Сондықтан аулыды жерде су мамандары жетіспей жатыр. Оны жөнге қою үшін жалақыларын көтеріп, жағдай жасау қажет,-дейді Жания Хайбуллина.
Сонымен қатар ол еліміздің ауыл шаруашылығы саласында су тиімді пайдаланылып жатқан жоқ деген пікір білдірді.
Бізде су жеткілікті деңгейде, тек соны тиімді пайдалана алмай отырмыз. Яғни суды пайдалану мәдениеті әлі қалыптаспай жатыр. Мысалы, суы жоқ Біріккен Араб әмірліктері үлкен қала салып, туристерді қабылдап отыр. Бұл дегеніңіз су тапшылығы проблемасын шешуге болады деген сөз. Ол үшін су ресурсымен жұмыс істейтін мекемелердің басын қосатын хаб құру қажет. Проблемаларды сол жерде көтеріп, шешуге болады. Суды ауыл шаруашылығы, күнделікті тұрмысқа және өндірісте пайдаланатын су деп қарастыратын болсақ, су тапшылығының алдын алуға болады деп ойлаймын,-деді ол.