Аймақтағы ынтымақтастықтың маңызы артып келеді - Еркін Тұқымов

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры  Еркін Тұқымов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгін Санат Көшкімбаевтың «Казахстан и Центральная Азия между вызовами из прошлого и грядущего» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Санат Қайырслямұлы тек елімізде ғана емес, Қазақстан шекарасынан тыс жерлерде де танымал халықаралық қатынастанушы маман, тарихшы, шығыстанушы. Өзінің кәсіби қызметі барысында аймақтағы үдерістерді үзбей зерттеген Орталық Азия бойынша санаулы сарапшылардың бірі. Шындығында, біз көршілерімізді соншалықты жақсы білмейміз де. Тәуелсіз дамудың 30 жылы ішінде Орталық Азия қоғамында орасан зор, түбегейлі өзгерістер орын алды. Өлкеде азамат соғыстары да, барқыт революциялары да болды. Орталық Азия елдерінің әрқайсысы өз мемлекеттілігін құрудың өзіндік бағытын белгілеп, әлемдік аренада өз орнын іздеді, - деді ол.

Санат Қайырслямұлының кітабында өңірдің эволюциясын көрсететін, негізгі қиындықтар мен тәуекелдерді талдап, даму үрдістері мен сценарийлерін саралайтын мақалалар мен баяндамалар бар.

Өздеріңіз білетіндей, еуроскептиктер де, еурооптимистер де бар. Демек, Санат Қайырслямұлы Орталық Азия аймағындағы ең ірі оптимисттердің бірі. Ол қандай жағдай болмасын, түптеп келгенде бәрі ынтымақтастыққа ықпал ететініне сенімді, - деді Еркін Тұқымов.

Сонымен қатар Санат Қайырслямұлының мәтіндері Қазақстанның аймаққа қатысты дәйекті және ойластырылған ұстанымын көрсетеді деп айтуға болады.

Мысалы, Санат Қайырслямұлы сонау 2017 жылы былай деп жазды: «Орталық Азияның әрбір елінің мүддесін аймақтық тығыз ынтымақтастық арқылы барынша оңтайлы түрде қорғауға және жүзеге асыруға болады. Бірлескен күш-жігер арқылы жалпы аймақтың халықаралық субъективтілігі артқанда Орталық Азияның әрбір елінің субъективтілігі нығая түседі деп ойлаймын». Бұл кітаптың жарық көруінің өзектілігі бүгінгі таңда өте жоғары. Халықаралық тұрақсыздықтың шиеленісуі жағдайында өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығы артып келеді, - деді спикер.

Орталық Азия қайтадан үлкен халықаралық саясаттың назарында, қазір ол Шығыс, Оңтүстік Азия мен Батысты байланыстыратын көпір.

Біз, ҚСЗИ сарапшылары ретінде, өңірдегі өлкетану жұмыстарына үлкен мән береміз. Біздің институт үшін Орталық Азия сөзсіз басымдыққа ие және біз сарапшылар деңгейінде ынтымақтастықтың күн тәртібін сәтті алға жылжытудамыз. ҚСЗИ қазірдің өзінде Орталық Азиядағы әріптестерімен кездесулер өткізетін дәстүрлі алаңға айналды. Өткен жылы біз бірнеше ірі іс-шаралар өткіздік. Жақында 20 қаңтарда Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп «Орталық Азия-2030: болашақтың келбеті» атты сарапшылар кездесуін ұйымдастырдық. Бұл іс-шара Орталық Азиядағы серіктестеріміздің үлкен қызығушылығын тудырды. Алғаш рет Орталық Азияның 5 елінің барлық жетекші институттары мен стратегиялық зерттеулер орталықтарының басшылары бір сессияға жиналды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, іс-шараға қатысушылар арасында сараптамалық сауалнама жүргіздік, өте қызықты нәтижелерге қол жеткіздік, - деді ол.

Біз сарапшылардан 2030 жылы өңірді қалай көретінін сұрадық. Жалпы, оң үрдістер басым болды. Мәселен, сарапшылар көлік тұрғысынан Орталық Азияның транзиттік хабқа айналу мүмкіндігін (56,4%) елдер арасындағы бәсекелестіктің өсуіне (33,3%) қарағанда жоғары бағалайды.

Сондай-ақ 2030 жылға қарай ең ықтимал үрдістердің бірі Орталық Азия елдерінің аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша күш-жігерін біріктіру (64,1%) екенін атап өткен жөн. Аймақ елдері арасындағы экономикалық коммуникациялардың негізгі мәселе екенін ескере отырып, сарапшылар сауда және көлік байланысына назар аударады. Бағыттардың тиімді түйісуі жағдайында жүк көлемінің артуы заңды, бұл біздің көліктік хабқа айналу мүмкіндігімізді айтарлықтай арттырады. Сондықтан респонденттердің басым бөлігі, дәлірек айтсақ, 69,2%-ы Орталық Азиядағы өсімнің басты нүктесі инфрақұрылымдық жобалар екенін атап өтуі кездейсоқ емес деп ойлаймын. Құрылыс саласы да орасан зор маңызға ие. Халық санының өсуіне байланысты тұрғын үйге деген қажеттілік те жоғары болып қала береді. Орталық Азияда жыл сайын 2 миллионға жуық адам дүниеге келеді. Бұл құрылысқа салынған инвестицияның экономикалық өсудің басты драйвері болады деген сөз, - деді ол.

Анықтама: 2022 жылы Өзбекстанда 939 мың, Қазақстанда 400 мың, Тәжікстанда 305 мың, Қырғызстанда 181 мың, Түркіменстанда 131 мың азамат дүниеге келген.

Жоспарланған тәсілдерді жүзеге асыру әдісі ретінде сарапшылар ынтымақтастық бойынша өзара әрекеттесу алаңдарының маңыздылығын атап өтеді.

Осылайша, респонденттердің көпшілігі институттандырудың қазіргі деңгейі «жеткіліксіз», Орталық Азия елдерінің ұйымын құру қажет (51,3%) деп санайды.

Сондай-ақ кейбіреулері бұл деңгей «жартылай жеткілікті» деп санайды, бірақ белгілі бір салалардағы ынтымақтастық процестерін институттандыру қажет. Мысалы, көлік, су шаруашылығы, энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі және т.б.

Санат Қайырслямұлының кітабында бұл үдерістер жан-жақты талданған, аймақтық дамудың қазіргі және болашақтағы тенденциялары айқындалып, қауіпсіздік пен бірегейліктің маңызды мәселелері қарастырылған.

Бұл кітап көпжылдық еңбектің, оның ішінде зерттеулердің, сауалнамалар мен сарапшылық коммуникациялардың нәтижесі. Кітап арқасында Орталық Азия аймағының ішкі процестерін тарихи және саяси аспектіде жақсырақ түсінуге болады.

Орталық Азияның субъективтілігін қалыптастыру аясында Санат Қайырслямұлының монографиясы бүкіл аймақтың зерттеушілері мен сарапшылары үшін ерекше құндылыққа ие.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы