Аймақтағы әскери шиеленіс күшейді: Токио Бейжіңге наразылық нотасын жолдады

Жапонияның қорғаныс министрі Синдзиро Коидзуми Қытай тарапыныңжойғыш ұшақтарға радар бағыттағаны үшін Токионың Бейжіңге ресми наразылық жолдап, мұндай әрекеттің қайталанбауына бағытталған шаралар қабылдауды талап еткенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Қытайдың «Ляонин» авиатасымалдаушысынан ұшып шыққан J-15 жойғыштары Окинава аралының оңтүстік-шығысындағы әуе кеңістігінде жапондық F-15 истребительдеріне екі рет радар нысанасын қойған. Бұл туралы Жапония қорғаныс министрі Синдзиро Коидзуми хабарлады.

Мұндай жағдайдың орын алғаны өте өкінішті. Біз Қытай тарапына қатаң наразылық білдірдік және мұндай оқиғаның қайталанбауы үшін қажетті шараларды қабылдауды талап еттік, - деді ол.

Министрдің айтуынша, бұл әрекет «қауіпсіз ұшуды қамтамасыз ету талаптарынан тыс, айтарлықтай қауіпті қимыл» болған.

Коидзумидің мәліметінше, бірінші оқиға Окинаваның оңтүстік-шығысында халықаралық әуе кеңістігінде тіркелген. «Ляонин» кемесінен көтерілген қытайлық J-15 ұшағы жапондық F-15-ке үш минут бойы радар нысанасын түсірген. Екінші жағдай дәл сол ауданда екі сағаттан кейін қайталанып, 31 минутқа созылған.

Бұл оқиғалар Жапония мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың ушығып тұрған шағына тұспа-тұс келді. Бұған Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаити Парламенттегі сөзінде Тайвань төңірегіндегі ықтимал әскери дағдарыс Жапонияға «ұжымдық өзін-өзі қорғау құқығын» қолдануға мәжбүр ететін «экзистенциалды қауіп» болуы мүмкін екенін мәлімдеуі түрткі болды. Бұл сөз Қытай тарапынан қатты наразылық тудырды.

ҚХР-дың Осакадағы бас консулы Сюэ Цзянь әлеуметтік желі X платформасында жапон премьеріне «басын кесіп тастаймын» деген мазмұндағы қорқыту жазбасын жариялап, кейін оны өшірді. Осыдан соң Қытай Сыртқы істер министрлігі өз азаматтарын Жапонияға барудан сақ болуға шақырды.

Тайвань 1949 жылдан бері өз әкімшілігімен басқарылып келеді. Сол жылы аралға Қытай азаматтық соғысында жеңілген Чан Кайши бастаған Гоминьдан күштері шегінді. Сол кезден бері Тайбэй Қытай Республикасының туы мен басқа да мемлекеттік рәміздерін сақтап отыр. Ал Бейжіңнің ресми ұстанымына сәйкес, Тайвань – Қытай Халық Республикасының ажырамас бөлігі, бұл позицияны Ресей қоса алғанда, көптеген елдер қолдайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы