Аймақ кәсіпкерлерінің мәселелері шешімін тауып жатыр

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кәсіпкерлер тап болған әкімшілік кедергілермен күресуге атсалысып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Мамандардың хабаралуынша, бизнес өкілдеріне қолдау көрсету мақсатында мобильді топ құрылған. Оның құрамында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері бар.

«Кәсіпкерлер көбінесе мемлекеттік қызметтердің ашық өткізілмеуі, мемлекеттік аппараттағы қағазбастылық, қосымша талаптардың қойылуы, нормативтік-құқықтық актілердің жетілдірілмеуі сияқты мәселелерге тап болады. Қысқа мерзім ішінде аймақ бизнесмендерінің төрт проблемасы шешілді», - дейді мамандар.

Тарқатып айтсақ, сауда үйінің айналасын абатандырыра алмай келген ақсулық кәсіпкердің проблемасы оң шешімін тапты. Сонымен қатар, Павлодар қаласына кіреберісте орналасқан 25 бизнес субъектісі үшін автобус аялдамасы орнатылды. Кәсіпкерлер бұған дейін сан рет өтініш айтып келген, себебі, осы аумақта 300-ге жуық адам жұмыс істейді.

Жалпы, мәселе шешілмек бұрын зерттеу жүргізіледі. 

«Біріншіден, бұл бизнестің адалдығына ықпал ететін тұжырымдамалық шаралар. Екіншіден, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудан қорғау тетіктерін енгізу. Үшіншіден, өңірдің ерекшелігін ескере отырып, кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне жедел ден қою. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кәсіпкерлерді негізсіз тексерулерден және бизнесті қылмыстық үрдіске заңсыз тартуды болдырмаудан қорғау бойынша кешені шаралар қабылданды. Біз кәсіпкерлердің проблемаларын және бұзылған құқықтарын белсенді іздеуде жұмыс істейміз», - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов.

Бұл бағыттағы шаралар бизнес ортаның заңсыз әрекеттерге қарсы иммунитетін қалыптастыруға септігін тигізеді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы