Айман Омарова: Қаңтар оқиғасына кем дегенде екі жыл дайындалған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында белгілі құқық қорғаушы, заңгер Айман Омарова хабарлады. Оның айтуынша, қазіргі таңда «AQIQAT» қоғамдық комиссиясы қаңтар оқиғаларын зерттеу бойынша жұмыстар атқаруда.
Біздің қоғамдық тексерудің маңызды ерекшеліктерін назарларыңызға ұсынғым келеді. Біріншіден, комиссия сотқа дейінгі тергеу мен сотты алмастырмайды. Екіншіден, комиссия тек қолжетімді материалдар негізінде ғана қорытынды шығарады. Үшіншіден, комиссияның қорытындысы қаңтар оқиғасына қатысты істің барлық материалдарына толық қолжетімділік қамтамасыз етілмегендіктен, толық емес, аралық болып табылады, - деп атап өтті құқық қорғаушы.
Сондай-ақ ол комиссия құрамына тоқталды.
Комиссия құрасында 20-дан астам адам бар. Олардың 99%-ы –қылмыстық процестерде үлкен тәжірибесі бар қазақтілді заңгерлер мен құқық қорғаушылар, - деді Айман Омарова.
Сонымен қатар ол қаңтар оқиғасының себептеріне тоқталды.
Бүгін оқиғаның алғышарттары, себептері, сондай-ақ біздің пікірімізше, қаңтар оқиғасы кезеңінде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың құрамына тоқталғым келіп отыр. Қаңтар оқиғасына кем дегенде екі жыл дайындалған. Дегенмен, террористік ұяшықтардың бар екендігі туралы ақпарат одан да ертерек шықты. Көп адамдар барлығы бейбіт митингтен басталды деген жаңсақ пікірде. Шын мәнінде, барлығы оқиғаға ақпараттық дайындықтан, одан біршама ертерек уақытта басталған, - деді адвокат.