Аймақтардың сумен қамтылу көрсеткішін теңестіру көзделген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қостанай, Жамбыл және Павлодар облыстарында халықты сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіштері төмен. Бұл туралы бүгін Үкіметтің онлайн отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті.

Оның айтуынша, аймақтар бойынша үш өңір, атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында қала халқы 100 пайыз орталықтандырылған сумен қамтылған. Алматы, Атырау, Қызылорда облыстарында ауылдық жерлердегі халықтың сумен қамтылу деңгейі жоғары. Ал жоғарыда аталған үш өңірде көрсеткіш төмен. 
Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің әлеуметтік маңызы зор. Мемлекет басшысы сумен қамту көрсеткішін теңестіру қажеттілігін атап көрсетті. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауылдарды сапалы әрі қажетті мөлшердегі ауыз сумен кезең-кезеңімен қамтамасыз етудің жоспары жасалды. Сондықтан осы жоспарды кейінге қалдырмай, тиімді шаралар қабылдау керек, - деді ол. 

Оның айтуынша, Елбасы бастамасымен жүзеге асырылған «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы да сумен қамту көрсеткішін жақсартуға үлес қосты.  

Қазіргі таңда елімізде 6341 ауыл бар. Оның 4078-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. 279 ауылға блок модуль кешені орнатылды. 1146 ауылға орталықтандырылған су жүйесі салынып жатыр. Халық саны аз 838 ауылда өз елімізде өндірілген кешенді блок модуль орнатылады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 934 млрд теңге бөлу көзделген, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы