Аймағамбетовтің атынан алаяқтар жалған хабарлама таратып жатыр
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің атынан алаяқтар жалған хабарлама таратып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат кибералаяқтық проблемасы өршіп бара жатқанын айтып шағымданды.
Алаяқтар менің де атымнан SMS пен WhatsApp арқылы хабарласып жатыр. Шынын айтсам, күн сайын маған және менің таныстарыма әртүрлі деңгейдегі басшылардан, достардан немесе туыстардан жалған хабарламалар келіп жатыр. Менің ойымша, жауапты органдар қажетті шараларды дер кезінде қабылдай алмады, - деді ол.
Депутат Аймағамбетовтің сөзінше, құзыретті құрылымдар азаматтарды жаппай ақпараттық шабуылдар мен киберқылмыстардан қорғау үшін шұғыл шаралар қабылдауы керек еді.
Бұл жағдайда ең таңғаларлық нәрсе - әлі де жауапты органдардан белсенді және ең бастысы тиімді әрекеттерді, шешімдер мен бастамаларды көріп жатқан жоқпыз. Дегенмен арнайы органдарды күтпей, әрқайсымыз алаяқтардың әдістері туралы хабардар болып, өзімізді және жақындарымызды олардың әрекеттерінен қалай қорғау керектігін біліп, шара қолдануымыз керек, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.