Аймағамбетов: Зорлық-зомбылыққа деген қоғамымыздағы көзқарас өзгерді

Бұл туралы пікірді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Телаграм каналында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осыдан бір жыл бұрын біз бұл заң жобасын әзірлеуге кіріскенде, біраз азаматтар оның қажеттілігі туралы күдіктенген болатын. Бірақ соңғы бір жыл ішінде зорлық-зомбылыққа деген қоғамымыздағы көзқарас, әжептеуір өзгерді. Оған төзбеушілік түралы нақты пікір қалыптасты деп айтуға болады.

Бүгін үлкен жұмыс мәресіне жетіп, Мәжіліс депутаттары ақпан айында қабылдаған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғау жөніндегі Заңды Сенат депутаттары мақұлдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының нақты позициясы мен табандылығы болмағанда, бұл заңды қабылдау мүмкін болмас еді деп бүгін ашық айтуға болады, - деп жазды ол.

Депутат алдыңғы жылы осы заң жобасын Үкіметке қорытынды алуға жібергенде, қорытынды жобасында бірталай бастамаларды қолдамау туралы біраз мемлекеттік органдардың ұсыныстары болғанын айтты.

Бірақ Президент әкімшілігі, Мемлекет басшысының зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы тапсырмасының аясында бұл қорытындыны өзгерткізіп, соңында ұсынылған нормалар Үкіметтен толық қолдау тапты.

Заң біздің қоғамдағы зорлық-зомбылықтың кез-келген түріне, ең алдымен әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылыққа тиімді тосқауыл қоятын жаңа құқықтық нормаларды енгізеді.

Енді зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік бірнеше есе артады, - деп жазды Аймағамбетов.

✓ ұрып-соғу немесе отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында өзге де зорлық-зомбылық әрекеттер жасағаны, денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді;

✓ өз-өзіне қол жұмсауды насихаттағаны үшін, өзін-өзі өлтіруге итермелегені үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу. «Көк кит» жайлы әңгімелер немесе басқа мысалдар менің ойымша, әлі де ұмытыла қойған жоқ.

✓ Педофилия және сәбилерді өлтіру үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруды;

Басқа да маңызды нормалар қарастырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы